Шахматтан облыстық чемпионат өтті

Шахматтан облыстық чемпионат өтті

Желтоқсанның 26-29 аралығында Алматы облысының дене шынықтру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында
Алматы облысының чемпионаты болды. Аталған шара Талғар ауданы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды. Бұл жолғы бәсеке Швейцария жүйесі негізінде өтті. Байрақты бәсекеге облысымызға қарасты аудан қалалардан 8 бен 18 жас аралығындағы 280 спортшы қатысты. Чемпионаттың мақсаты – Алматы облысында балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында шахматты дәріптеу, жас ойыншылардың кәсіби деңгейін көтеру. Сондай-ақ 2024 жылғы Қазақстан чемпионатына қатысатын үміткерлерді іріктеу.

Шараның ашылу салтанатына Алматы облысы бұқаралық cпорттық іс-шараларды өткізу орталығы директорының орынбасары Сұлтан Шадман, Алматы облысы шахматтан және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айгүл Битуова, Талғар ауданы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шыңғыс Нургалиев, ұлттық ФИДЕ төрешісі Сарсенғали Джанқуатов қатысты. Алғашқы құттықтау сөзін алған Сұлтан Шадман: «Ойын — адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал шахмат ойыны логикалық ойлау қабілеттерін дамытады. Оқушылар ойын арқылы өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін желтілдіреді. Қазақтың өрімдей ұл-қыздары Қазақстанның көк туын әлем аренасында желбіретіп жатса, одан асқан қуаныш бар ма? Соңғы жылдары елімізде шахматтың дамуы көңіл қуантады. Бұл ойын түрі баланың ақыл-ойын жетілдіріп, мінез-құлқын қалыптастырып, ерік-жігерін шыңдайды. Осында жиналған жас шахматшылар арасынан болашақ әлем чемпиондары шығады деген сенімдемін», – деп атап өтті. Басқа да қатысқан қонақтар талабы таудай шахматшыларға сәттілік пен табыс тіледі.
Алматы облысы шахматтан және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ернұр Алиакпар: «Шахмат ойыны жылдан-жылға жанданып келе жатыр. Талғарлық жас шахматшылар облыста алдыңғы орында. Белбұлақ ауылында Таубасар Мариям есімді Қазақстан чемпионы тұрады. Осы жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында қызымыз чемпион атанды. Ташкентте өткен оқушылар арасындағы Азия чемпионатында классика рапид, блиц түрлерінен үш қола медаль жеңіп алды. Бүгінде спорт шеберіне үміткер. Небары 8 жастағы Мариам – еліміздің мақтанышы десем артық емес. Болашақта бұл ауданнан Мариям сияқты талантты шахматшылар шығары даусыз. Бүгінгі чемпионатқа қатысқан 280 баланың кемдегенде 80-і талғарлық. 2024 жылы Қазақстан чемпионаты өтеді. Осы жолы топ жарған балалар сол бәсекеге жолдама алады», – деп атап өтті.
Жалпы командалық есеп бойынша байрақты бәсекеде Талғар ауданы 1 орын, Қарасай ауданы 2 орын, Еңбекшіқазақ ауданы 3 орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, грамота, кубок және тиісті дипломдармен марапатталды. Жас спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Зорагүл Әбдіқадір