Шахмат — ежелден бері арнайы физикалық дайындықты қажет етпейтін қызықты спорт түрінің бірі. Сондай-ақ шахмат ойыны балаға ересек өмірде міндетті түрде қажет болатын қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Шебер шахматшылар қарсыласының келесі жүрістерін болжай білуге үйренеді. Мықты шахматшылардың есте сақтау қабілеті күшті екенін білу таңқаларлық емес. Өйткені, ойын қозғалыстардың көптеген комбинацияларын және олардың ықтимал нәтижелерін есте сақтауды қамтиды.
Жуырда Есік қаласының техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының ұйымдастыруымен «Каникулдық мектеп» жобасы аясында шахматтан жарыс өткізілді. Облысқа қарасты аудандардан жиналған мектеп оқушылары спорттың бұл түрінен шеберліктерін сынасты. Шараның негізгі мақсаты – шахматты насихаттау және дамыту, жасөспірімдердің шахматқа деген қызығушылығын оятып, ойынға деген шеберлігін шыңдау, бос уақыттарын тиімді өткізуге дұрыс бағыт беру және саламатты өмір салтын насихаттау.
Игі бастамаға мұрындық болған Есік техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының шахмат үйірмесі биылғы 25 оқушыны осы өнерге бауылған. Жарысқа 25 баладан өзге аудандағы шахматты шебер ойнайтын мектеп оқушылары қатысты. Бұл жарысқа қатысқандар 5-12 жас және 13-15 жас аралығында екі топ болып сайысты. Сонымен қатар мұғалімдер мен ата-аналар да қарап қалмай, өзара бақ сынады.
Жарыстың нәтижесінде 5-12 жас аралығындағы оқушылар арасында Тоқатаев мектебінің оқушылары топ жарып, І орынды 7 жастағы Даниял Ерболұлы иеленді. Шахматты шебер ойнаған ол осыған дейін де талай рет топ жарғанын, алда үлкен жарыстарға дайын екенін жеткізді. Ал ІІ орын Даниялдың алғашқы ұзтазы әрі бауыры Арсен Ерболұлына, ІІІ орын Дияс Нұрболұлына бұйырды. Қыздар арасындағы мәреде Әйгерім Ізбасарова І орынды, Камиля Шәкенова ІІ орынды, Айым Тоққожа ІІІ орынды қанжығалады.
13-15 жас аралығындағы турнирде Димаш Әжібай І орынның тұғырынан көрінсе, Алихан Рахман ІІ орынға, Али-нұр Мұратбеков ІІІ орынға жайғасты.Балалардың күзгі демалысы қызықты басталып жатыр. Есік қаласынан өзге Бәйтерек, Ават, Аймен мектептерінен келген оқушылардың шахматқа деген қызығушылығын ескерген ТШО басшылығы алдағы уақытта осындай турнирлерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр – Бұл біздің бір ғана жарысымыз, осындай жарыстарды бірнеше күнге қойып отырмыз. Ертең мәселен шешендік өнер мен туризмтанушылар, сондай ақ жас журналистер үйірмесінің оқушылары арасында қызықты кештер ұйым-дастырылмақшы» – дейді Есік қаласы ТШО директоры Шынар Айтбаева.
Оқушылармен қатар келген ата-аналар қарасы да көп болды. Сондай ата-ананың бірі бізге шахмат спортының балаға қандай әсері болатындығын бөліскен еді.
– Есік қаласында тұрамыз. Жарысқа екі баламды әкелдім. Үлкені жетіде, кішісі бесте. Ер балалар болған соң басында арт спортпен таеквондоға бердім, кейін осы үйірменің қасында шахматқа да қатыстырып көрейін деп едім, шешімім өте дұрыс болыпты. Себебі, кішкентайым өте тынымсыз еді, қолды-аяққа тұрмайтын. Осы шахматқа барғалы сабырлылықты үйреніп жатыр. Шахмат спорты сабырлылықпен қатар, алдын ала жоспарлап барып жүруді де үйретеді екен. Жасы кіші болса да бір сабақты қалдырмайды – дейді Гүлнәр есімді ана.
Жарыс соңында жүлделі орын иеленгендер марапатталды. Жарысқа қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Зорагүл Әбдіқадір