Маңызды мәселелер қаралып, аудан әкімінің есебі тыңдалды

Маңызды мәселелер қаралып, аудан әкімінің есебі тыңдалды

Күні кеше аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Қарасай аудандық мәслихаттың кезектен тыс XIX сессиясы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттарынан бөлек Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, қала және округтердің әкімдері, сондай-ақ сессияда қаралатын мәселелерге қатысты бірқатар мекеме мен бөлім басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде 8 мәселенің қаралатыны белгілі болды. Бұл жайында Қарасай аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков түсіндіріп, әр мәселенің мәнісіне жеке-жеке тоқталды. Жиын барысында алдымен Қарасай аудандық мәслихатының шығып қалған депутаттың орнына 2023 жылдың 29 қазанында Қарасай аудандық №12 бірмандаттық округінде өткен сайлау қорытындысы бойынша жаңадан сайланған депутатты таныстыру рәсімі болды. Халық қалаулысының төсбелгісі мен куәлігін табыстау үшін Қарасай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ғалия Аманова сөз алып, сайлау қорытындысын жариялады. Белгілі болғандай 2212 дауыс жинаған Адиля Қоржумбаева депутаттық мандатқа ие болып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Сонымен күн тәртібінің алғашқы мәселесі – «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» болды. Оған қатысты Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жайында мәслихат депутаттарының алдында баяндама оқып, ауданда атқарылған жұмыстар мен алда жүзеге асатын жобалардың барысын түсіндірді. Сондай-ақ аудан басшысы бірнеше мәслихат депутатының қойған сұрақтарына жауап берді. Анығын айтқанда, әр депутат өз округтеріне тиісті мәселелерін қозғап, аудан әкіміне тікелей сауал жолдады. Олардың қатарында Қаныбек Айтжанов, Самат Толықбай, Елена Константинова, Әлия Сәтпаева сынды халық қалаулылары болды. Мәселен, бірі қоғамдық көліктің жетіспеушілігін айтса, енді бірі Шалқар ауылына қажетті дәрігерлік-амбулаторияны сөз етті.
Депутаттардың әр сауалына аудан әкімі жеке-жеке тоқталып, бюджет көлеміне байланысты кез келген мәселе назарда болатынын жеткізді. Десе де Жасұлан Тоққожаұлы алдымен ең өзекті, кезек күттірмейтін шаруалар барын айтты. Атап айтқанда, қазір ауданда үш ауысымды мектептердің санын азайту, денсаулық саласын дамыту, экономиканы арттыру сияқты жұмыстар бірінші қолға алыну керектігін түсіндірді.
Сессияда екінші мәселе болып «Қарасай ауданының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» № 31-3 шешіміне өзгерістер енгізуі қаралды. Оның барысын аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев түсіндіріп, баяндама оқыды. Бөлім басшысының хабарламасы бойынша аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков пен мәслихат депутаты Атлана Исаева сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.
Бұл отырыста Қаскелең қаласының құрамдас бөліктеріне атаулар беру туралы мәселе үшінші болып қаралды. Оған Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова тоқталып, ақпаратымен бөлісті. Аталған мәселенің төңірегінде аудан әкімі Жасұлан Естенов пен аудандық мәслихаттың депутаты Орынбай Жанәділ өз ұсыныстарын білдіріп, көше атауына алдымен ауданға еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілсе деген ойларын ортаға салды.
Ал күн тәртібіндегі мына бір кезекті мәселелерді депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді, олар: Қарасай аудандық жер комиссиясының жаңа құрамын бекіту туралы, Қарасай аудандық мәслихатының №1-3 30 наурыз 2023 жылғы «Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының тізбесі мен саны туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы,
Қарасай аудандық мәслихатының №1-4 30 наурыз 2023 жылғы «Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары мен мүшелері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Қарасай аудандық мәслихатының №1-5 30 наурыз 2023 жылғы «Аудандық мәслихат депутаттарынан құрылған депутаттар фракциясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Сессияда ең соңғы, яғни сегізінші болып Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселесі талқыға салынды. Бұл ретте ауданның саяси дамуына үлес қосып, өсіп-өркендеуіне ықпал еткен әскери еңбек ардагері Аймашев Мақсұт Назымбекұлы жайлы Қарасай ауданы әкімінің аппарат басшысы Ильяс Қалиев баяндама жасады. Өз кезегінде депутаттар қауымы қарасайлық азаматтың ауданда атқарған еңбегін ескеріп, шешім жобасын бекітуіне қолдау білдірді.
Жиын соңында мәслихат төрағасы Бауыржан Бақтыбайұлы күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданғанын айтты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ