Табандылық пен ізденіс қана биікке шығарады

Табандылық пен ізденіс  қана биікке шығарады

Қазақта «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жакын жоқ» деген аталы сөз бар. Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біз осыдан отыз екі жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, тәуелсіздігімізді жарияладық. Бірнеше ғасырдан бері үзіліп қалған дербес мемлекеттілік дәстүрімізді қайта жалғадық. Шын мәнінде, егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ.

Кезең-кезеңімен мемлекетіміздің негізгі құрылымдарының негізі қаланды. Сол құрылымдардың қатарында Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуын қамтамасыз ететін ашық, тиімді және тұрақты бюджетке қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны тиімді басқарудың құралы ретінде Қаржы министрлігі жанынан құрылған Қазынашылықтың бас басқармасы да бар.
Біздің жүйеге бюджеттерді атқару, бюджеттік және бухгалтерлік есепті, бюджеттік мекемелер мен қаржы жүйесіндегі бухгалтерлік есеп әдіснамасын жүргізу функциялары берілді. Бұдан басқа, қазынашылық мақсат бойынша пайдаланылмайтын қаражатты кері қайтарып алу құқығымен бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау бойынша үлкен өкілеттіктерге ие болды.


Бүгінде Қазақстан қазынашылығы елдің бюджет жүйесінің буыны ретінде мемлекет қаржысын басқаруда лайықты орын ала отырып, қалыптасу мен дамудың орасан жолынан өтті және 30 жыл толып отыр. Осы бір тұста, қойнауы – құт, елі – жайсаң Еңбекшіқазақ ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуы жалпы облыстың ғарыштап алға басуына сенімді үлес қосуда. Шымын тартсаң, шырыны, түгін тартсаң түбіті шығатын ырысты жерде бүгінгі күні заман талабына сай кешенді ауыл шаруашылық, өндірістік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес салалары нәтижелі жұмыс істеуде.
Ал «Алтын адамның» киелі шаңырағы бола білген ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында нәтижелі жұмыс атқарған қазынашылық басқармасының өзіндік ерекше қолтаңбасы бар екендігі сөзсіз. «Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, дәл осы аудандық қазынашылық басқармасының қызметін жүйелендіріп, оның дамуының әрбір кезеңінде айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын белгілеп, оны орындауға ұжымды жұмылдырып отырған Джамашева Гульмира Аширбековнаның ерекше еңбегін айта кеткен жөн.
Гульмира Аширбековна 36 жылдан астам еңбек жолында өзіндік ерекше даму жолын қалыптастырды. Алматы облысының, соның ішінде соңғы 6 жылдан астам уақыт ішінде Еңбекшіқазақ ауданының даму жолындағы табыстары мен әрбір жетістігіне негізделген іргелі іске бағытталған мемлекеттік қызметте жауапты басшылық лауазымда еңбек етіп отыры. Халықпен бірге етене жұмыс атқарып, білгір басшылардың бірі ретінде ауданымыздың бағдарлы дамуына қосқан үлесі зор.
Дала данышпандарының бірі Жүсіп Баласағұнның «Күшті кісі – құт қонар тұғыр» деген сөзін ой сөресінде дестелесек, басқарманың бүгінгі таңдағы әрбір жетістігі басшы ретінде Гульмира Аширбековнаның ұсынған нақты мақсат, батыл бастамалардың арқасында орын алғандығын байқауға болады.
1964 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында өмірге келген Г. Джамашева бала жасынан Отанына қызмет ету әр азаматтың мұраты деп түсінген. Сол арманы мен еңбекқорлығының арқасында өзінің білікті маман екенін де дәлелдеп үлгерген. Еңбек жолын тігінші болып бастаған ол 1982 жылы Алматы халық шаруашылық институтының тыңдаушысы болып оқуға түседі. 1987 жылы Талғар ауданындағы Мемлекеттік банкінде аға бұгалтер болып жұмыс істейді. Одан соң «Агропромбанктың» Талғардағы бөлімшесінде де ұзақ жылдар тапжылмай қызмет етіп, біліктілігін арттырып, білімін шыңдайды. Біртіндеп басшылық қызметке көтеріледі.


Қаржы саласында қызмет етудің қиындығы мен қызығы туралы пікірін сұрағанымызда Г. Аширбековна: «Оқу бітіре салып өзім қалаған салаға жұмысқа тұрдым. Жылдар бойы осы салада еңбек етіп келемін. Табандылық пен ізденіс қана адамды биікке шығарады. Бұл өнегені өмірдің өзі үйретті. Дәл осындай көкейіме түйгендерімді қол астымдағы қызметкерлеріме үнемі айтып отырамын. Басшы ретінде талапшыл болсам да, аналарындай ақылшы болуға тырысамын. Өзім – бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ана, қамқор әжемін. Біз – мемлекеттік қызметкерміз. Мемлекеттік қызметкер үшін білімі мен біліктілігінің жоғары болуы аса маңызды. Бұл бүгінгі күннің талабы. Сондықтан өз ісімізге жауапты әрі адал болуымыз керек. Халқымызда «Алтынды көрсе, періште жолдан тайыпты» деген тәмсіл бар. Аманатқа қиянат жасау ешкімге абырой әпермейді. Бұл – меннің өмірлік ұстанымым. Осы салада қызмет етіп жүрген нәзік жандаррға қандай құрмет көрсетсе де артық емес деп ойлаймын. Отбасымен жұмысты қатар алып жүру батыл да батыр қыздардың қолынан келеді. Аллаға сансыз шүкір, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктеп, абыройымыз асқақтаған шақта тартысқа толы тарихымызды ұмытпағанымыз абзал. Төл теңгеміз нығайып, экономикамыз артып күннен-күнге дамып келеміз. Дәл осы тұста қаржы саласында қызмет етіп жатқан барлық әріптестерімді айтулы мерекелерімен құттықтаймын. Іргеден ақ май ағып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын!» – деп ақ жарма тілегін арнады.
Гульмира Аширбековна сынды білікті басшының арқасында басқарма қызметкерлері бүгінде кез келген қиындықтарды шешіп, жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби тұрғыда жақсы жетістіктерге қол жеткізуде.
Сондықтан бүгінгі таңда біздің бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – мемлекеттік саясатты ел мүддесіне сай жүзеге асырып, өнімді еңбек етіп, өз мүмкiндiгiмiздi толығымен пайдаланып, бюджеттің бүтіндігіне, қазынашылық жүйесінің жетіліп, жаңаруына өз үлесімізді қосу.
Ендеше ұлы дана халқымыз: «Бақыт — бірлікте, байлық — еңбекте» — демекші, «Ел бірлігі — еңбек жемісі». Жасампаз еңбекте бәріміз бірлігімізге бекем, ынтымағымызға ұйытқы болайық.

Линара Орынбасарқызы,
Еңбекшіқазақ аудандық
қазынашылық басқарма
басшысының орынбасары