Тән мен жанның мөлт еткен әуенге қалай елітіп, селт еткенін сезесіз бе? Кейде өмірден баз кешіп, ешкім аяқ баспайтын алыс жерлерге кеткіміз келген кезде құлағымызға құлаққап тағып алып, оңашада баяу әннің ырғағымен түпсіз ойларға тереңдегіміз келеді. Жанның зерттеушілері музыканың адам жанын емдейтінін дәлелдеді. Табиғат сазы, түрлі жанрдағы музыкалар, музыкалық аспаптар үні жүрекке жетсе, адам миын кәдімгідей тыныштандырады екен
Осыдан жарты ғасыр ілгері Шелек аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған вокалды-аспапты «Жігер» ансамблінің 45 жылдығы және осы ансамбльдің негізін қалаушы, Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институттың түлегі, 2012 жылы өткен «Қазақтың 100 әні» байқауының тұңғыш жеңімпазы, 2014 жылы еліміздің қазақ мәнениеті мен өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін «Бейбітшілік әлемі» және халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің шешімімен «Мәдениет майталманы» медальдарының иегері Кәмшат
Киізбаевтың 70 жасқа толуына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Осыдан 45 жыл бұрын құрылған ансамбль құра-мында көп ұлт өкілдері мен түрлі маман иелері болды. «Жігер» ансамблі 1988 жылы Көкшетау қаласында өткен бүкілодақтық «Поляк әндері» конкурсының лауреаты, келер жылы сол кездегі Целиноград қаласында өткен «Совет әндері» байқауының жүлдегері атанды. 1990 жылы Қазақ КСР мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің шешімімен «Халықтық» деген атақ берілді «Жігер» вокалды-аспаптар ансамбліне. Елі сағынып, асыға күткен бұл мәдени шараға Шелек тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері жылжымалы көрме ұйымдастырды. Концертке келушілер халық мұрасынан қалған ескі жәдігерлерді қызыға тамашалады.
«Жігер» ансамблінің шығармашылық концертін тамашалауға келген халықтан залда ине шаншар жер қалмады. Мерекелік шара алдында шағын бейнеролик көрсетіліп, «Жігер» ансамблінің қалай құрылғаны туралы сол кезде Шелек аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болған Алмагүл Абиірқызы, ардагерлер алқасының төрағасы Әбілбек
Айтақынов, сол кездегі мәдениет үйінің директоры болған Рахымбек Қағазбековтің естеліктері тыңдалды.
Кәмшат ансамбль мүшелерімен республика күні мерекесіне тарту жасап, өз репертуарындағы әндерді кезек-кезек орындап, зор қошеметке бөленді. Концерт соңында арнайы келген қонақтар Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ануар Мұхтарханұлы, аудан әкімі Алтай Досумбаев және ауданның мәдениет басшылары мерейтой иесін құттықтап, сөз сөйледі. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көптік етпейді» демекші, мәдени мұраға қосқан үлесі, өнер саласындағы ерен еңбегі ескеріліп, Кәмшат Киізбаевқа «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағын аудан әкімі Алтай Машикұлы өз қолымен салтанатты түрде табыс етті.
Зорагүл Әбдіқадір