Қарасай ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясы өтті

Қарасай ауданында облыстық  ардагерлер кеңесінің конференциясы өтті

Облыстық ардагерлер Кеңесі аймағымыздағы ұлттық мүддені қалыптастыру мен саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды қамтамасыз етуде зор үлес қосуда. Аймақта ардагерлер ұйымының беделін көтеруде қазыналы қариялардың белсенділігінің алатын орны ерекше екені белгілі.

Өткен аптада Алматы облыстық және Қарасай аудандық ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен «Атадан қалған асыл сөз» атты конференциясы өтті. Оған облыстық және аудандық жас мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымының белсенділері, қоғамдық ұйым басшылары, мектеп және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Алдымен жиынды Алматы облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов ашып берді. Одан кейін сөз алған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рүстам Атшабаров «Тәрбие тал бесіктен» дей келе, ұлттық тәрбиемізді ұлықтап жүрген, ұрпақтар сабақтастығы жобасы аясында өткізілетін, «Атадан қалған асыл сөз» атты конференцияның мән-маңыздылығы жайлы айтты.
Конференцияда облысымыздың әр аймағынан келген ақсалдар мен жастар тарапынан белсенділер баяндама оқып, ұлттық құндылықты дәріптеуде, оның ішінде қариялардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз үлесін көрсетуде облыстық ардагерлер Кеңесінің атқаратын рөлі үлкен екенін тілге тиек етті. Атап айтқанда,
Жамбыл ауданынан «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Күміс Кемелбекова «Ұлым өсіп ер жетер, қызым өсіп бой жетер» тақырыбында соңғы кезде қоғамды өзекті болып жатқан орамал тарту, ер жігіттердің тәрбиесі жайлы кеңеінен әңгіме қозғады. Кеген ауданынан Жылысай ауылдық округінің ардагелер ұйымының төрағасы Болат Таубалдиев «Тарихты қайта жасауға болмайды, одан үйрену керек» демекші, үлкенді сыйлау, оларға жан-жақты құрмет көрсету ата-бабаларымыздан келе жатқан сарқылмас салтымыз», – деп қазақ тәрбиесі жайлы мағұлмат берді.
Иә, расымен қорғансызға пана, сүрінгенге сүйеу болар, адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар беріп отырған аға ұрпақтың өмірлік өнегесі жас ұрпақ үшін сара жол болып қала бермек. Ал діндегі үлкендердің ұлағаты жайлы Қарасай ауданының бас имамы Дәурен Жандосұлы жиналғандарға уағыз айтып, сыр шертті. Ал Алматы облысы мәслихатының жас депутаты Нұрсұлтан Орынбасар мен ауданымыздағы озат оқушылардың бірі Айша Рахымбердиева жастар атынан сөйлеп, патриотизмді қалыптастыру, үлкенге құрмет көрсету, жастардың ізгілікті әрі рухани дамуына байланысты өз ойларын жеткізді.
Сонымен қатар, конференция барысында облыс әкімінің қолдауымен шығатын «Алатау Ардагері» газетінің баспасөзге жазылу мәселесі және Ардагерлердің жастармен жұмыс жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Ерболат Тұрымбетов Алматы облысында «Алатау жастары» ұйымы құрылғанын айтып, оның мүшелерімен таныстырды.
Шараның соңы аудандық Мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламамен түйінделді.

Бұрым Орынбасар