Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінде Алматы облысының «Қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғанының 10 жылдығына орай үлкен шара өтті. Оған қысқы спорт түрлерінен еліміздің намысын қорғап жүрген спортшылар, жаттықтырушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Жиынды Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков ашты. Ол спорт мектебінің ұжымын, республикалық және халықаралық сайыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізген спортшыларды, олардың бапкерлерін осы ұжымның 10 жылдығы және Республика күні мерекесімен құттықтап, ел спортын дамытудағы еңбектеріне табыс тіледі.
Аталмыш мектептің директоры Серік Құрақбаев баяндама жасап, жиналған жұртшылыққа балалар мен жасөспірімдер арасында қысқы спорт түрлерін насихаттау, дамыту және жеткен жетістіктер мен алдағы мақсаттар жайында кеңінен әңгімелеп берді. «Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілетін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы» – деген ол, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар спортын дамытуға ерекше мән беріп отырғанын баса айтты.
– Жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыру, қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында 2013 жылы қыркүйек айында облыс әкімінің қаулысымен осы коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылды. Бүгінгі таңда Алматы облысында қысқы спорт түрлерін дамытуда Талғар ауданында орналасқан бұл мектепте олимпиадалық спорт түрлеріне жататын шаңғымен жүгіру, биатлон, шаңғы көпсайысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғану, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл және олимпиадалық емес спорт түрлері – шаңғымен бағдар табу, қысқы президенттік бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы 10 жыл ішінде спорт мектебінде 1500-ге жуық спортшылар тәрбиеленді. Қазіргі кезде 45 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді. Олардың екеуі ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушылары болса, төртеуі – жоғары категориялы, бесеуі – бірінші категориялы, он сегізі – екінші катешориялы жаттықтырушылар. Оқу-жаттығу сабақтары кестеге сәйкес, заман талабына сай салынған «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде, «Табаған» спорт базасында, «Сұңқар» халықаралық шаңғы-трамплин кешенінде, «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешенінде, «Халық Арена» және «Алматы Арена» мұз айдындарында, Орталық армияшылар клубының және «Жастар» стадиондарында, Алматы облысының ауылдық өңірлерінің спорт алаңдарында өтеді.
Он жыл ішінде мамандандырылған спорт мектебінде тәрбиеленген жас спортшылар әр түрлі спорт түрлерінен жоғары разрядтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Соның ішінде 3 спортшы – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20 спортшы – ҚР спорт шебері, 66 спортшы – ҚР спорт шеберіне үміткер, 95 спортшы – 1-ші спорттық разрядқа қол жеткізіп, 1250 спортшы бұқаралық-спорттық разряд көрсеткіштеріне ие болды.
Болашақта Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып, спорттық сауықтыру жұмыстарын және алға қойған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу үшін қысқы спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу сабақтарын қалыптастыруға, спортшыларды даярлау үрдістерінің талаптарына сәйкес, кешенді спорт ғимараттарын салу, спорт резервін даярлау жүйесінде спортшылардың жоғары жетістіктерге жетуі үшін дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашу, материалдық-техникалық базасын, нығайту және кәсіби шеберлігі жоғары кадрларды даярлау мәселелері қарастырылуда.
Жалпы, болашақта біздің жастарымыз бен жасөспірімдеріміз қысқы спорт түрлерінен Алматы облысының мертебесін көтеріп, республикалық және халықаралық жарыстар мен әлемдік додаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізетіндіктеріне сеніммен қарап, үлкен үміт артамыз, – деді Серік Өмірзақұлы. Мектеп түлектерінің облыстық, республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, Ресейде өткен Бүкіләлемдік қысқы универсида ойындарына бұл мектептен 6 спортшы қатысып, Әсет Дүйсенов шаңғымен жүгіруде екі рет күміс жүлдені жеңіп алса, АҚШ-та өткен 31-ші Қысқы Универсиада ойындарына Айша Ракишева, Надежда Пивоварова, Мағжан Амангелдіұлы, Әли Асқарлар қатысып, шаңғымен жүгіруде Айша қола жүлдені иелеп, шаңғымен қоссайыста Мағжан мен Әли 6 орыннан көрінген еді.
Азия чемпионаттарында биатлоннан Милана Генева, Яна Чупик, Валерия Миронова, Ержанат Қуандық, Надежда Пивоварова жеңімпаз атанып, Әсет Дүйсенов күміс және қола медаль иегері, Айша Ракишева жүлдегер атанды. Халықаралық сайыстарда шаңғымен қоссайыстан Мағжан Амангелдіұлы, Шыңғыс Ракпаров, Әли Асқар, Бекарыс Әтібек, жасөспірімдер арасында Арман Қуаныш, мәнерлеп сырғанаудан Алана Тоқтарова жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ал биылғы жылы шаңғы роллерімен жүгіруден өткен Республикалық жастар чемпионатында Алматы облысы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, биатлоннан өткен ел біріншілігінде екінші орыннан көрінді.
Шара барасында аталған спортшылардың бәрі және бірқатар жаттықтырушылар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын соңы мамандандырылған спорт мектебінің 10 жылдығы және Республика күні мерекесіне арналған аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты. Осылай мектеп ұжымы мен ауданның спортсүйер қауымы он жылда алған асуларын лайықты атап өтті.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ