«Qanat» жаңа спорт кешені

«Qanat»  жаңа спорт кешені

«Республика күні» мерекесі қарсаңында Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында спорт шебері, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы Қанат Жақсылықов атындағы «Qanat» спорт кешенінің салтанатты ашылуы болды. Аталған іс-шараға ауданның барлық спортшылары, Олимпиада, Азия чемпиондары, ауыл мен аудан әкімдері, марқұм болған спортшының жолдастары, тұрғындар қатысты. Салтанатты жиынды аудан әкімі Т. Айдарбеков құттықтау сөзбен ашты:

– Ауданымыз спортты дамыту жөнінде облыстағы ең үздік аудандардың бірі. Біз тек өз ауданымыз ғана емес, өңіріміздің, бүкіл еліміздің абыройын қорғап, үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан мықты спортшылармен мақтануға толық құқымыз бар. Бүгін біз тек жастардың күрес түрлерімен шұғылдануы үшін салынған спорт кешенінің ашылу салтанатына ғана емес, сонымен бірге әйгілі спортшы, грек-рим күресінен спорт шебері, жерлесіміз Қанат Жақсылықовтың жарқын бейнесін еске алу үшін де жиналып отырмыз. Осындай даңқты жерлесіміздің атын иеленген бұл спорт кешені еліміздің намысын қорғайтын талай мықты спортшыларды өсіріп, тәрбиелей беруіне тілектеспін, – деді аудан әкімі. Сондай-ақ ол аталған спорт кешенін салуға атсалысқан азаматтарға, ауданның атын шығарып, бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды құрмет грамоталарымен марапаттады.
Сөз кезегін алған Алматы облысы күрес федерациясының президенті Дамир Күзембаев ҚР грек- рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясы атынан барша жиналғандарды спорт кешенінің ашылу салтанатымен құттықтады. «Талғар ауданының спорт сүйер жасөспірімдері үшін осындай заманауи спорт кешенінің ашылуы үлкен қуаныш. Спорт саласы еліміз үшін ерекше назар аударатын басым бағыттардың бірі. Республика басшылығының сындарлы саясатының негізінде бүгінгі халықтың экономикалық әл-ауқатымен қатар дене шынықтыру мен спортты дамыту деңгейі артып келеді. Осы кешеннен болашақта үлкен Олимпиада, Азия чемпиондары мен жеңімпаздары шығады деп үміттенеміз.Игілікті іс-шараға бастамашы болған, ауыл балаларының дамуы үшін, спортпен шұғылданып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін марқұм Канаттың бауыры, Азия ойындарының чемпионы Дәулет Жақсылықовқа, демеушілер мен кешенді салуға көмектескен азаматтарға үлкен ризашылығымызды білдіремін», – деді.
Аудан әкімі Танат Айдарбеков пен облыстық мәслихат депутаты Билалдин Ушуров, «Qanat» спорт кешенінің қызыл лентасын қиып, жиналған қауым жаңа ғиамаратты тамашалап шықты. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Мейрамханада Қанат марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.

Сәуле Құрмантаева