Қырғызстанда 20 жыл тұрып жатқан қазақстандық келіншек балаларға берілетін жәрдемақысын ала алмай жүр. Ол — бұл туралы жергілікті «24.kg» ақпарат агенттігіне айтқан, — деп хабарлайды alatau-zhuldyzy.kz сайты.
«Жолдасым — Қырғызстанның азаматы. Некеміз заңды түрде тіркелген. 9 баламыз бар, бәрі Қырғызстанда туылған. Мен бір емес бірнеше рет қырғыз елінің азаматтығын алу үшін құжаттар өткізгенмін. Соңғы рет 2017 жылдың желтоқсан айында өткіздім. Осы елдің азаматтығын алмағанша, маған балаларға берілетін жәрдемақыны бермейді. Өзім де, жолдасым да жұмыссыз болғандықтан күйеуім осы жәрдемақыны ала ала ма?» — деп агенттіктен кеңес сұраған.
Агенттіктің хабарлауынша, бұл отбасында жәрдемақыны алу мүмкіндігі бар екенін Еңбек және әлеуметтік даму Министрлігінен атап айтқан. «Олар тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық әлеуметтік даму басқармасына өтініштерін білдіре алады. Сонымен қатар әйелінде Қырғызстанның азаматтығын алу үшін берген арыздары өзімен бірге болсын» — деп түсіндірген.
Талғар-ақпарат