ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ: 16 МЫҢ ТОННА КӨМІР АЛМАТЫҒА ЖӘНЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ЖӨНЕЛТІЛДІ

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ: 16 МЫҢ ТОННА КӨМІР АЛМАТЫҒА ЖӘНЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ЖӨНЕЛТІЛДІ

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Алматы мен Алматы облысының басшыларын сын астына алды. Қыс ортасында көмір таппай сабылғандардың мәселесін жергілікті билік шеше алмағандықтан, министрліктің өзі енді бұл іске араласпақшы деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Айта кетейік, жаңа жылдан бастап оңтүстік өңірдегі тұрғындар жағарға кесек отын таппай, шу шығып жатыр.

Тапшылықтан сұраныстың көбейгенін білген ортадағы делдалдар бағаны шарықтатып, көпшілік қалтасын қағып әлек. Ал, жергілікті атқамінерлердің бұл жағдайды реттеуге мүлде құлқы жоқ сыңайлы.

Әкімдердің жайбасарлығы, тапшылыққа бастарын қатырмауы министр Қанат Бозымбаевтың ашуын туғызды. Көмір тапшылығы қолдан жасалған боп шықты.

О баста жағдайдың ушығуы жүк вагондарының жетіспеуінен деген еді. Сөйтсе, жауапты компаниялар дер кезінде келісім-шарт жасамаған. Олардың жауапсыздығы талай жұртты жауратып, күшіне мінген қаңтарда көмірсіз қалдырды.

«Жергілікті органдар қатаң бақылауда ұстау керек бұл мәселені. Мен тиісті әкімдермен өзім өткен аптада, осы аптада сөйлескем. Қазір 16 мың тонна көмір Алматыға және Алматы облысына жөнелтілді. Бүгін-ертең тупиктерге келіп, сатылатын болады», — дейді Қанат Бозымбаев.

Бірақ министр айтқан отыннан әзірге хабар жоқ. Алматыдағы көмір сататын негізгі орталықтар тым-тырыс. Көпшілік мазаламасын дегені ме, сыртқы қақпаларын да жауып тастаған.

Тапшылықтан тарыққан тұрғындар не істерін білмей шаһарды шарлап жүр. Қайда барса да таулары шағылады. Еститін жауаптары біреу: «Көмір жоқ!»

Талғар-ақпарат