Мемлекеттік бизнесті қолдау кәсіпкерлік секторды ынталандыруға, ел экономикасын өркендетуге тың серпіліс беріп отыр. Еңбекшіқазақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында балық бизнесі дамып келеді. Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Балжан Демесінова форель өсіріп, Түрген шатқалында туристік демалыс орнын ашты. Табыс көзін ашып, шаруашылығын шалқытып отырған Балжан – төрт баланың анасы. Мамандығы – стоматолог. Алайда медицина саласында аз уақыт істегеннен кейін, өз алдына кәсіп бастауды жөн көріпті.
Бала кезінен ата-анасының қолғанаты болған ол бұл шаруаны бастауға ешқандай қиындық болмағанын айтып: «Кішкентай кезімнен балық бизнесінде болдым десем, қателеспеймін. Ата-анамның Таразда үлкен 2 су қоймасы бар болатын. Онда сазан, тұқы және қарақұйрық сынды балықтың сан түрін өсіріп сататын. Сол арқылы ел қатарлы күн көріп, ешкімнен кенде қалмадық. Ата-анама көмектесетіндіктен бұл шаруаның қыр-сырына қанық болдым. Балық бала сияқты. Тамағын дұрыс беріп, дұрыс күтім жасай алсаң ғана өнім аласың. Отбасымыздың барлық мүшесінің бұл шаруадан хабары бар. 1996-1997 жылдары ағам Түрген шатқалында форель шаруашылығын сатып алды. Содан бүкіл отбасымызбен кәсібімізді дамыта бастадық. Адам сүйген кәсібімен шұғылданса, жаны жай тауып, ісі ілгері басады. Мен де өз ісімнен ләззат аламын. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дегендей, солар салған сара жолмен мен де ризық-несібемді тауып келе жатырмын», – деп сүйікті ісі туралы баяндаған балықшы: «2017 жылы жеке кәсіп бастауға бел будым. Еншіме тиген жер телімінде жеке кәсібінің іргетасын қаладым. Отбасылық кәсібімді дамыту үшін мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаларға жүгіндім. Бастапқы капитал жерді тегістеп, абаттандыруға, екі үлкен және он шағын самалжай, сондай-ақ он сәкі салуға ғана жетті. Кейін Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытудан өтіп, 6 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Осы қаражыға жиһаз және 3 киіз үй сатып алдым. Жазда келген қонақтарымыз салқын үйде, тамаша табиғат аясында жата-жастана дем алады. Келушілердің жақсы пікірі, талап-тілектері жұмысыма деген қызығушылығымды оятып, ынталандыра түседі. Дәмі тіл үйіретін балықтардан дәм татып, таза ауамен тыныстайды. Жылдың төрт мезгілінде жұмысымызды тоқтатпаймыз, келушілердің аяғы үзілген емес. Бір келіп кеткендер қайталап келіп жатады. Халқымызда «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген бар. Әр істің өз қиындығы бар, қазір балаларым да қолғанат болып қалды. Қасыма ертіп жүріп оларға да білгенімді үйретіп жүремін. Ата кәсібімізді солар жалғастырады деген ойдамын», – дейді.
2019 жылдың маусым айында іскер әйел шаруа қожалығының базасында туристік демалыс аймағын ашқан. Қазір мұнда 32 адам жұмыс істейді, 9-ы тұрақты, 23-і – маусымдық келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер. Демалыс аймағының аумағында әркім өз бетімен балық аулап, дәл сол жерде ауланған балықтың дәмін тата алады. Жай ғана демалуға да болады. Кәсіпкер қазір өңірлерде балық шаруашылығының өркендеп келе жатқанын айтты. Болашақта өз шаруа қожалығын аудандағы ірі кешендердің біріне айналдырғысы келген ол бұл мақсатта тынбай ізденетінін де жеткізді. Ол үшін бассейні, монша кешені, ойын алаңдары бар қонақүй салуды жоспарлап отыр.
Ащы еңбегінің тәтті дәмін татып отырған Балжанның ісіне береке тілеп, ойға алған армандарының орындалуына тілектестік білдіреміз.
Зорагүл Әбдіқадір