Биылғы 6 ақпаннан бастап жылдық өсімі 4 пайыз болатын жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жалғасын тауып, өтінімдерді қабылдайтын www.autonesie.kz платформасы іске қосылған. Алайда «Өнеркәсіпті дамыту қорының» дерегінше, autonesie.kz сайтына алғашқы минутта-ақ 125 000 адам өтініш тастаған. Өздеріңіз білетіндей, бас-аяғы 18 секундта белгіленген 761 лимит толып кеткендіктен, ашылғанынан жабылғаны тез болған сайттың жұмысына көңілі толмағандар мен аталған қор тарапына шағым айтушылар қатары да аз болған жоқ.
Ресми деректерге сүйенсек, автокөлік несиесіне қызыққандардың басым көпшілігі Motors Chevrolet, Jac Motors, Chevrolet Cobalt, Kia Sportage, Kia cerato, Hyundai Kia, Hyundai Elantra, Hyundai Accent секілді автомобильдерге сұрау салған. Қазір олардың қатарына Hyundai Tucson көлігін қосу қарастырылуда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров айтуынша, наурызда аталған бағдарлама бойынша өтінімдердің нақты саны жинақталатын сомаға байланысты болмақ. «Келесі айда біздің болжамымыз бойынша 100-ден аса өтінім болады. 100 нақты, қалғаны қанша ақша жинайтынымызға байланысты болады. Мен кем дегенде 100 деп айтамын, өйткені есептеулер бойынша ай сайын миллиард теңге болуы керек. Бірақ кенеттен несиесін мерзімінен бұрын төлейтін қазақстандықтар болады. Тиісінше, 120-130 болуы да мүмкін. Платформада тіркелген барлық 761 адамның төлем қабілеттілігін растай отырып, автонесие алу мүмкіндігі бар. Кім тіркелді, олардың барлығының өтініштерін мақұлдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл механизм 25 жыл бойы жұмыс істейтін болады», – деп түсіндірме берген.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында басталып, оны жүзеге асыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге көлемінде қаражзат бөлінді. Ашық ақпарат көздеріндегі деректер бойынша бұл сомаға 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынып, автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құраған.
Ашық ақпарат көздерінде автонесиеге жауапты «Қазақстанның даму банкі» мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» қолданыстағы бағдарламалар шарттарын өзара біріздендіріп жатқаны, сондай-ақ аталған бағдарламасының бір ғана операторы ретінде Қазақстанның даму банкін қалдыру көзделетіні айтылды. Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 млрд теңге болса, бұл шамамен 1 300 автонесие беруге жол ашады деген ақпар тараған.
Ендігі жерде осыған дейін қас қағым сәтте аяқталған жеңілдетілген автонесие талаптары тағы өзгермек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев: «Біз орта есеппен 500 көлікке жететін, яғни 5 млрд теңгедей ақша қайтарылғанда автонесиелендірудің келесі кезеңін жариялаймыз, ол шамамен бір айдан кейін», – деп мәлімдеді. Бұл туралы хабарлаған atamekenbusiness_qaz порталының мәліметінше өзгерген талаптар төмендегідей:
✅ Автонесиелендіруге ие болған адамдардың аты-жөні жарияланады;
✅ Көлік құнының 15%-ы көлемінде бастапқы жарна енгізіледі. Осы уақытқа дейін көлікке бастапқы жарнаны төлеу қажеттілігі жоқ;
✅ Алдағы уақытта несие айлығы төмен адамдарға ғана берілуі мүмкін. Еңбекақының ең жоғары шегін бекіту мәселесі қарастырылады, яғни айлық белгілі бір сомадан асып кетсе, ондай адамдар бағдарламаға қатыса алмайды. «Қазір бағдарлама 10 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Ал машинаның құны 15 млн теңге болуы керек дедік. «Kia Sportage», «Hyundai Tucson» сияқты брендтердің бағдарламаға қатысуын қайта қарауымыз мүмкін. Бұл – ақырғы шешім емес, талқыланып жатыр», – деп атап өтті ведомство басшысы. Демек алдағы уақытта аталған несие шарттары мен талаптары тағы өзгеруі мүмкін. Сондықтан арманға айналған автониесиеге қол жеткізіп, қалаған автокөлігін алғысы келетіндердің www.autonesie.kz платформасын көз жазбай аңдуына тура келеді.
Жанбота
Сұлтанмұратқызы