Елімізде Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірлену үстінде. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтауды цифрландыру процесі жаңа заңнамалық нормаларды енгізуді және бекітуді талап етеді. Осы мақсатта министрлік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірлеу жұмысын бастады. Құжатқа электронды денсаулық сақтау, электронды денсаулық паспорты, телемедициналық технологиялар және басқа да бірқатар жаңа ұғымдар енгізу ұсынылып отыр», — деді ол. Министрдің атап өтуінше, одан басқа аталған жаңа кодексте денсаулық сақтауды басқару органдары мен ұйымдарының құзыреті белгіленетін болады.
«Дәрігердің жауапкершілігін және электронды деректерді, оның ішінде телемедициналық консультациялардың жазбаларын сақтау жағдайларын анықтау қажет. Медицина персоналы цифрлық деректердің сапасы мен дұрыстығына жауапты болуын бекіту керек. Пациенттердің медициналық құжаттарды электрондық түрде жүргізуге келісімі туралы мәселені пысықтау, сондай-ақ осы деректерге қолжетімділік құқықтары туралы мәселені шешу қажет. Министрлік осы мәселелерді шешу кезінде Сіздерден қолдау күтеді», — деп қайырылды Мәжіліс депутаттарына Елжан Біртанов.
Талғар-ақпарат