Күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет

Күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет

Ақорда сайтына жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінің қысқаша мәтінін назарларыңызға ұсынамыз. Мұнда ел болашағы мен бүгініне қатысты маңызды мәселелер айтылып, осы күнге дейін түйіні тарқамаған бірқатар жайттарға байланысты нақты тапсырмалар жүктелді. Зер салыңыз!

Құрметті Парламент депутаттары! Қадірлі қауым! Баршаңызды жаңадан сайланған Парламенттің алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтаймын! Сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанған азамат­тардың қызметіне табыс тілеймін! Сіздер мемлекетімізді дамыту және ел мүддесін қорғау ісіне үлес қосасыздар деп сенемін.
Мен бір жыл бұрын осы ғимаратта халыққа Жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті.
Бәсеке жоғары болғандықтан сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты.
Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидат­тар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет.
Сондай-ақ әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы!
Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын.

Құрметті депутаттар!
Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет.
Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет. Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Жалпы алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек.
Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Пар­тияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін.
Еліміздің негізгі басымдықтарын баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу. Осы орайда мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді.
БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет.
Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе.
Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек.
Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырт­тан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ.
Жалпы орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек. «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін. Сондай-ақ кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы Парламентке өтті. Бұл ұйым бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысады деп ойлаймын.
ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономикасының құрылымы қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек.
Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс.
Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет.
Басқа жол жоқ.
Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар.
Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек. Депутаттар осы заң жобасына мен береді деп ойлаймын.
ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.
Біз еліміздің инфрақұрылымдық
қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.
Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек.
ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді.
Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық.
БЕСІНШІ. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.
Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.
Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті.
Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – Денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген.
Қазір саламатты өмір салтын насихат­тап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз.
Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін.
Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.
АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айsрылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.
ЖЕТІНШІ. Сондай-ақ адвокаттардың рөлін арттыра түсу қажет. Оларға сотқа дейінгі тергеудің басынан бастап қылмыстық істің материалдары еш кедергісіз берілуге тиіс. Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтуда. Конституциялық Соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр. Яғни заңнаманың жекелеген нормалары Ата Заңға қайшы екені анықталды. Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады. Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады. Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс.
Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет.
СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек. Сонда азамат­тардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды. Бұл қадам қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек. Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі.
Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан осы залды Мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.
Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды
ұсынамын. Сондай-ақ өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады. Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек. Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық.
Жұмыстарыңыз табысты болсын!
Қазақстанымыз көркейе берсін!

www.akorda.kz