АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕРІ БҰЙЫМДАРЫН ТАҢБАЛАУ ЖАЛҒАСУДА

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕРІ БҰЙЫМДАРЫН ТАҢБАЛАУ ЖАЛҒАСУДА

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әділ Әбілдаев хабарлады, — дейді alatau-zhuldyzy.kz сайты.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер таңбалау жұмыстарын жүргізу үстінде. Қазақстанда тері бұйымдарын таңбалау жүйесі жобасын сәтті іске қосу үшін ақпараттық жүйе әзірленіп, қажетті нормативті-құқықтық актілер қабылданды.

Тері қалдықтары бар кәсіпкерлер 2017 жылдың 27 қарашасынан бастап күнтізбелік 90 күн ішінде, ал импорттаушылар  еркін айналымға тауарларды шығарған күннен бастап 30 күннің ішінде таңбалауды жүргізуі тиіс.

«Екі жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері таңбалауға сәйкес келісімге қол қойылған болатын. Таңбалау 3 түрден тұрады: қисық, аспалы және тігілмелі. Бұл процедуралар кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де қорғанудың, яғни жасанды тауарлардан қорғанудың жоғары дәрежесі», – деді Әділ Әбілдаев.

Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Әсел Нұрбаеваның мәліметінше, өңірде тері бұйымдарын сатумен 10 кәсіпкер айналысады. Сарапшы осы ретте кәсіпкер тері бұйымдарын сатуға, оның ішінде көтерме сауда сатушыларынан соңғы өткізушілердің тері бұйымдарын қайта сатуы кезінде тек оларға бақылау белгілерін қойғаннан кейін шығара алатынын айтты.

Сонымен қатар, қара күзен, саз құндызы, түлкі, қоян, жанат, қой терілерінен тігілген киім заттары, сондай-ақ СЭҚ ТН 4303 тауар позициясы бойынша жіктелетін, заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер әкелетін немесе өндіретін терінің өзге түрлерінен жасалған киімдер таңбалауға жатады. Егер бұйымның астары ғана табиғи теріден жасалған немесе тері сырт жағынан жапсырылған жағдайларда, оларды да таңбалау керек.

«Сауда орындарына барып, кәсіпкерлермен кездесу барысында таңбалау жүйесі адал бәсекелестік, нарықты заңсыз сатылымнан қорғау, зияткерлік меншік құқығын сақтау, көлеңкелі экономика көлемін қысқарту және бюджетке салық түсімдерін көбейтуге бағытталған екенін түсіндірудеміз. Сіз таңбаланған тауарды сатып ала отырып, оның контрафакті емес екеніне көз жеткізесіз», — деп қорытындылады Ә.Әбілдаев.

Талғар-ақпарат