Түркияда болған зілзала салдарынан мыңдаған бауырласымыз көз жұмып, көптеген адам ауыр жарақат алды. Қайтыс боғандар мен зардап шеккендер саны сағат санап өсуіне байланысты әлемнің көптеген елдерінен гуманитарлық көмектер толассыз ағылып жатыр. Қасіретінің орнын толтыра алмаса да арда ағайынға алыстағы Алашы қолын созып, ондағы қам көңіл ағайынға қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алдыңғылардың бірі болып ТЖМ құтқарушылары Түрік еліне аттанды. Артынша-ақ ел үкіметі зілзаладан орасан зор зардап шеккен Анадолы жұртына 1 миллион доллар көлемінде қаржы бөлді. Түрік халқының басына түскен ауыр күндердің азабын бірге арқаласқан қазақ елінің әр өңірінен шыққан азаматтар бас болып қолдарынан келгенше гуманитарлық көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Еңбекші қазақ ауданына қарасты Есік қаласының тұрғындары да ағайынға деген ыстық ықыласын білдіріп, қолындағы барын қоржынға салып, ауыр күндердегі керек-жарағына жарасын деген ниетпен жөнелтіп жатыр. Осындай игі шараның бір парасы Т. Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Еріктілер қолға алған қайырымдылық шарасында тұрмыстық көмекке мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік, балалар тағамдары мен көрпе-жастық, тұрмыстық және гигиеналық заттар жиналды. Бұл ретте аталған шараға мұрындық болған Аслан Қабиболлаев: «Түркияға гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат әлеуметтік желі арқылы таратқанымыз сол еді, халық бірден хабарласа бастады. Бар-жоғы жарты сағат ішінде жүк көлігінің жартысы толып қалды. Есік қаласынан бастау алған игі шара Түрген ауылында жалғасын тапты. Айтулы көмекті арнайы жүк көлігімен Түркияға жеткізетін боламыз», – деп атап өтті.
Ағайынға деген қайырымдылық шарасы алда тағы да ұйымдастырылатын болады.
Жанбота Сұлтанмұратқызы