Ақпанның 9-ында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жас ақындардың мүшәйрасы өтті. Аталған шарада от ауызды, орақ тілді 15-35 жас аралығындағы 31 ақын бақ сынады. Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шараның басты мақсаты –
Мұқағали Мақатаевтың көркем шығармаларын кеңінен насихаттау, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастарды әдебиетке баулып, талантты ақындарды тану.
Баршамызды отты жырларымен ойлантып, тәтті шумақтарымен тербеткен жыр додасына Фарида Бегенбаева, ақын Мақсат Ережеп, аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлнар Мамырбаева, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Қасымхан төрелік етті. Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңі «Болашақ, сен тұрсаң, мен өлмеймін!» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар сыршыл ақынға арналған өз өлеңін оқыды. Сондай-ақ осы жыр жолдарында М.Мақатаевтың шығармашылық және адами келбеті, поэзияда алатын орны мен туған жерінің сұлу табиғаты, шежірелі тарихы тілге тиек болды. «Ал екінші бақытым – тілім менің» деп аталатын бөлімінде жас ақындар ана тіліміздің баға жетпес байлық екенін айтса, «Күнделік жаз, жарқыным!» атты соңғы кезеңде ұлы ақынның күнделігінен үзінді оқу арқылы көркемсөз оқудағы шеберліктерін танытты. Мүшәйраның бас бәйгесін бабы мен бағы жарасқан Панфилов ауылдық округі Төңкеріс ауылы №23 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Ысқақ Оралбек қанжығалады. Ал Нұра ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Ардақ Орынбек 1-орын, №3 Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Қалдыбек Советұлы және Ақдала ауылы №44 орта мектептің 11-сынып оқушысы Айдана Қалибекова 2-орынға ие болды. Жазира Әбдімұхамедқызы, Самал Махамбетова, Гаухар Айтбанбетова секілді қатысушылар 3-орынға лайық деп танылды. Жыр байқауы арқылы ауданымызда жан дүниесі тау суындай таза жас ақындар шоғырының қаулап өсіп келе жатқанына куә болдық. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін ұрпақ бар жерде қазақылығымыздың қаймағы бұзылмасы анық. Ақиық ақынның жолын қуған жыр тұлпарларының болашағынан күтер үміт те мол.
Зорагүл Әбдіқадір