Қаңтар айының 9-ы күні Талдыбұлақ тұрғындарының көптен бергі тілегі орындалып, №5 бағыттағы автобус ауыл мен Талғар қаласының арасын қайта жалғады. «Жол азабын жүрген білер» деген бар, Талдыбұлақ ауылы күре жолдан қиыс орналасқандықтан, ауыл тұрғындары қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында Алматы мен Талғарға қатынау үшін аялдамаға дейін кем дегенде 1-2 шақырым жаяу жүреді. Машиналар қайшалысқан қара жолдың тарлығына қарамастан, бастауыш сынып оқушыларының зілдей сөмкелерін арқалап сонау жақтағы мектепке жаяу кетіп бара жатқанын көргенде жүрек ауыратын. Енді, міне, елдің де көзі ашылып, арқамыз кеңіп, балалар да сабағына автобуспен қатынай бастады. Ересектер жол ақысын қолма-қол және QR код арқылы 80 теңгемен төлесе, балалар үшін жол жүру ақысы бар болғаны 40 теңге.
Қуанышын жасыра алмаған талдыбұлақтықтар көптен күткен маңызды мәселесін шешіп берген Талғар аудандық, қалалық және Белбұлақ округі әкімдігіне алғысын жаудырып, әлеуметтік желілерде бір-бірінен сүйінші сұрасуда. Автобусты ұсынып отырған «Тұлпар Экспресс» ЖШС-нің директоры, әрі Талғар аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Әукенұлына да рақметтерін айтып, ізгі тілектерін білдіріп жатты. «Шаруа жоқ болса да, Талғарға күніне бір барып келіңіздер!» деп қалжыңмен қағысып жатқан ауыл тұрғындары айтқан мұндай сөздердің астарында өзіндік шындық та жоқ емес. «Жолақысын қолма-қол төлегенде міндетті түрде билет талап етіңіздер. Егер билет алмасаңыз ол ақша есепке кірмей, жүргізушінің қалтасында қалады. Ал есепке кірмесе жолаушы аз деген желеумен маршрут қысқарады», – деп сақтандырып жатқан сауатты кеңеске де құлақ асып, құптап жатқандар аз емес. Жүргізушілерді күнделікті медициналық тексеруден өткен соң ғана жолға шығаратын «Тұлпар-Экспресс» ЖШС-нің негізі сонау 1990 жылдары қаланып, 1997 жылы қайта құрылған. Содан бері қала және ауыларалық жолаушы тасымалымен үздіксіз айналысып келе жатқан автобус паркінің жұмысы қауырт. Бұл ретте өткен күндерді еске алған мекеме басшысы: «Мен қарапайым отбасынан шыққан адаммын. Менің ешқандай бай туысым, болмаса мықты тірегім болған жоқ. Сол бір қиын күндерде елге қызмет етсем деген оймен халқымның бір жағына шыққым келді. Әрине, отбасы қамы да ұмыт қалған жоқ. Өздеріңіз білетіндей Талғар қаласы тұрғындарының басым бөлігі Алматыда жұмыс істейді және студенттер мен оқушылардың да көпшілігі үлкен қалаға қатынап білім алады. Сондықтан 1990 жылы Талғар-Алматы бағытында жолаушыларды тасымалдау мақсатында осы автопарктің жұмысын КАВЗ маркалы жалғыз автобуспен бастадым. 1998 жылы автопаркте осындай 15 автобус болды. Автобустар тоқтап қалмасын деп таңға дейін олардың жөндеу жұмысымен айналысып, таңертең ерте жолға шығаратынбыз. Күндіз-түнгі тынымсыз еңбектің нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі жерде автопарктің өркендеуі үшін оның жұмыстарын тұрақты үйлестіріп отыратын, автобустардың жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын арнайы орын қажеттілігі туды. Осы мақсатта 2002 жылы жалпы жер көлемі 18 сотықты құрайтын «Тұран Әлем» банкінің құрылысын сатып алдым. Автобазаны 2004 жылы Қытайда жасалған FAV маркалы 10 автобусты БТА банкі арқылы 3 жыл мерзімге сатып алып, олардың құнын 2 жылда өтеп шықтым. 2006 жылы дәл осындай тағы 4 автобуспен толықтырдым. 2007 жылы FAV маркалы 6 автобус қосып, жұмыс ауықымын ұлғайттым. Кәсібімді көркейту үшін айтарлықтай қаржы жұмсап 3 бөліктен тұратын техникалық жөндеу орталығын салып, 1536 м.мкв жерге көңіл көтеру орталығын аштым. Бірақ бұл қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Сонымен қатар автопарк жанынан «В» және «ВС» категориялы жүргізушілерді дайындайтын орталық тұрақты жұмыс істеп келеді», – дейді. Ел игілігіне болсын деген ізгі тілекті біз де қолдап, азаматтың ісіне береке тіледік. Осы орайда Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевты да сөзге тарттық. «Бұл автобус Талдыбұлаққа бұрын да қатынаған. Бірақ қаржы мәселесіне байланысты қиындықтар туындағандықтан тоқтап қалған еді. Яғни аздаған жолаушыдан түскен қаржы автобустардың жүріп-тұруынан артылмай, жұмысшылардың жалақысы, жөндеу жұмыстары сынды шығындары ақталмағандықтан, біраз уақыт бойы жүрмей қалған. Оның үстіне субсидия да берілмеді. 2020 жылдан бастап өз қаржысына автопаркті жаңалаумен айналысқан «Тұлпар Экспресс» ЖШС мекемесі 2022 жылдың ортасынан бері Талғар және жақын ауылдарға автобус жүргізу жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ ауылына №5 бағыттағы автобустың жүруі халықты қуанышқа кенелтті. Автобус маршрутын жүргізу үшін бірнеше мәрте аудандық мәслихат отырысында сұрақ көтеріліп, сонымен қатар «Тұлпар Экспресс» ЖШС мекемесіне де округ әкімдігі тарапынан сұраныс хат жолданды. Нәтижесінде бүгінгі күні жолданған хатқа оң жауап алып отырмыз. №5 автобустың Талдыбұлақ-Талғар арасында қатынауы ауыл тұрғындарының ары-бері жүруіне едәуір септігін тигізіп, жол жүру процесін оңтайландыруда, яғни такси шақыру, не болмаса Талғар-Алматы тас жолына шығып қатынау деген мәселені біршама жеңілдетті. Автобустардың жүру аралықтары 20 минутты құраса, автопарк тарапы жол жүру сызбасы әлі де толықтырылатынын айтып отыр. Жол жүру сызбасын кеңейтіп, қосымша көшелерді қамту үшін тағы да ұсыныс хат әзірленуде. Бірлік ауылына да автобус жүрсе деген ниетіміз бар», – деген округ әкімінің жақсы сөзіне жан семіріп қалғандай. Лайым, әрдайым осындай игі бастамалардың басында, халықтың қасында жүрген азаматтардың ісі алға басып, халық тілегі орындала берсін деген ниеттеміз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы
1 Пікір
Taldybulak kz 21.01.2023 at 20:56
Өте жақсы бастама болды, халық жоғалтқанын қайта тапқандай болды! Болашақта маршрут ауқымы кеңейсе өте тамаша болар еді! Халық қызметінде жүрген ел ағаларына алғыс білдіреміз!!!