Аудандық орталық кітапханада 2 қаңтар күні «Дінмұхамед Қонаев – ұлттың ары мен мен намысы» атты дөңгелек үстел өтті.
Туғанына 111 жыл толған кемеңгер тұлғаның ұлты үшін істеген еңбегін еске ала отырып, оның отансүйгіш рухы мен адалдығын жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында өткен шараға ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Талғар ауданының құрметті азаматы Камнұр Тәлімұлы, Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының оқытушысы Гульнар Мамырбаева, Талғар ауданының құрметті азаматы, ақын Бексұлтан Көлбаев, кітапхананың жас оқырмандары қатысты. Әуелі жиылған жұрттың назарына Д. Ахметұлының бөлек болмысы, өр мінезі, терең білімі мен ақыл-парасаты айшықталып, ұлтының мүддесі үшін керек кезінде батыл шешім қабылдай білген даналығы дәріптелген деректі фильм көрсетілді. Жиын барысында сөз алған Камнұр Тәлімұлы: «Әр дәуірге лайықты кемеңгер адамдар өмір сүреді. Дана халықтың дара перзенті, иісі Алаштың пір тұтар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Балқаш ауданында дүниеге келген. Дәл бүгінгідей туған күнінде еске алу, мақтан ету – өлілер үшін емес, тірілер үшін қайырлы іс. Көзінің тірісінде-ақ әулие атанған ол Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алмай тұрған кезде дала дәстүрін негіз ете отырып ел билеген. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» дегендей, Д. А. Қонаев ел үшін қызмет етіп, аянбай тер төкті. Ол – адалдықты, шындықты ту еткен, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен перзент. Халқымыздың біртуар азаматының есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Д. А. Қонаевтың атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Осы есімді еншілеген жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді», – деген ойын ортаға салды. Ақын Бексұлтан Көлбаев баяндамасында: «Д. Ахметұлы өз заманының ұлы саясаткері болды. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болса да, елінің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айрықша еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия мен кеңес қызметін атқара жүріп, орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, халқының болашағын бір сәт есінен шығарған жоқ. 1960 жылы Н. С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алды. Ол республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ғылыми жұмыстарды қолға алып, осы негіздегі зерттеулердің басты салаларын білікті мамандармен толықтыру сынды маңызды істерді атқарды. Халқының салт-дәстүрін, наным-сенімін жақсы білетін адал перзенті осындай тау тұлғасымен ел есінде қалды», – деп ой бөлісті. Дүние жүзі ғалымдары жер шарының халқына адал қызмет еткен бүкіл ел басшыларын таразылағанда Д. А. Қонаевтың туған халқына адал қызмет еткен жеті басшының бірі болуы көп жағдайды аңғартады. Жат жұрттықтар жайын біліп, бағасын берген кемеңгер тұлғаны өз елі қалай ұлықтамасын?! Аудандық кітапхана ұжымы алқалы жиында бас қосқан оқырмандар үшін ұлы саясаткер туралы жазылған кітаптардың көрмесін ұйымдастырды. Кульмария Елемесова библиографиялық шолу жасап, ондағы кітаптардың тарихы мен мазмұнына тоқталды. Ұлы тұлғаны тану үшін қандай кітаптар оқу керек екені туралы кеңес берілді. Ұлтының адал ұлына арнап жазылған шығармалар аз емес. Соның бірі – «Дін аға» әні. Камнұр Тәлімұлының сөзіне жазылған Базарбек Бүрісовтың бұл әні көптің көңілінен шыққан тамаша туындыға айналды. «Биік тұлға», «Қазақтың дана ұлы» атты өлең-жырлар оқылды. Бұл орайда ақын Темірше Сарыбайұлының: «Қонаев – ұлттың ары мен намысы! Қонаев – ұлттың рухы мен иманы! Қонаев – қазақтың қанағат мектебі, адалдықтың өлшемі!» – деген аталы сөзі еске түседі. Халқының қадірін білген, елі мен жерін сүйген Дінмұхамед Ахметұлының есімі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Зорагүл Әбдіқадір