Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың жарлығымен жергілікті атқарушы органдардың əкімі жыл сайын халық алдында есеп беруді үрдіске айналдырды. Осы үрдіспен аудан əкімінің халық алдындағы есеп беру жиыны Белбұлақ ауылдық округінде жалғасын тапты. Есеп беру жиынына аудандық мəслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрғасының орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова мен аудан əкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары арнайы қатысып отырды. Алдымен ел алдында ауылдық округ əкімі Аслан Қасымбаев бір жыл бойындағы атқарған жұмыстары туралы есебін берді. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен əлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғы сында баяндама жасаған ауыл əкімінен кейін мінберге аудан əкімі Райхан Садықова көтеріліп, жыл ішінде жүргізген жұмыстары жөнінде есепті баяндамасын жасады. Өз сөзінде аудан басшысы өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Ауданда бүгінге дейін ауқымды істер атқарылған. Көп ретте тұрғындардың арыз-шағым, ұсыныстарына көңіл бөлініп, ел тілегі ескерілген. Ауыз су, жолдарды жөндеу, жарық, байланыс пен білім, денсаулық сақтау, əлеуметтік салаларда атқарылған істерді тізбектей жеткізген аудан əкімі түйткілді проблемалардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешіліп отырғанын да айта кетті. Райхан Нұрмырзақызының тұщымды баяндамасын мұқият тыңдаған жұртшылық өздерін
толғандырып жүрген өзекті мəселелерді алға тарту үшін кезекпе кезек сөз алды. Бірінші болып Бірлік ауылының тұрғыны, ауданымыздың Құрметті азаматы Сапархан Исаев сөз алды. Аудан басшысы мен ауыл əкімінің есебіне қанағаттанарлық бағасын берген ол ауылдағы бірқатар мəселені алға тартып, өз ұсынысын білдірді. Атап айтқанда, Талдыбұлақ ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің бүгінде жабылып қалғанын айтып, бос тұрған ғимарат тозып кетпей тұрғанда ел игілігіне беруін сұрады. Яғни балдырғандарға балабақша ашып берсе немесе осы салада еңбек етіп жүрген мамандарға тұрғын үй ретінде берілсе деген ұсынысын жеткізді. Содан кейін Бірлік ауылындағы ескі балабақша ғимаратының иесінен ғимаратты мақсатты пайдалануын талап етуді, я болмаса мемлекетке қайтарып алуға күш салу мəселесін көтерді. Мəдениет үйі мəселесін де дəл солай, ескі ғимаратты мемлекетке қайтарып алуды немесе ауылға жаңа Мəдениет үйін салуға күш салуды сұрады. Сондай-ақ, ауылдарда қылмыстың өршіп кеткенін айта келіп, учаскелік тірек пунктін салуға қол ұшын беруді сұрады. Одан кейінгі кезекте сөз алған Мақсат Кенжебаев ауыл көшелерінің тарлығын алға тартып, заңсыз құжаттар рəсімдеген аудандық сəулет бөлімінің жұмысына сын айтты. Сонымен қатар ауыл бейітіне бөлінген жер мəселесін тағы көтерді. Белбұлақ ауылының тұрғыны Əлдибек Смайлов көшелерді жарықтандыру мен жолдарды жөндеу мəселесін көтерсе, Шəрбану Мұқайқызы қаңғыбас иттерді аулау мəселесін айтты. Зейнеткер ұстаз Жанат Райбекова №10 орта мектептің ескіргендігі мен акт залының жоқтығын айтып, мектепке күрделі жөндеу мен акт залын салуға қаражат бөлдіруді өтінді. Ал Хамза Əлиев деген азамат кəсіпкерлерді қолдау, Алматы-Талғар күре жолының тарлығы, жергілікті шаруалардың өнімдерін сататын базар ашу мен жеке басына қатысты мəселелерді сөз етті. Жиын барысында белбұлақтықтар ауылға жедел-жəрдем көлігі керектігін, ауылға жүргізіліп жатқан газдың қымбаттығын айтып, күл-қоқыстарды, көлік дөңгелектерін өртеп, ауаны ластайтын ауылдастарының əрекетіне шара қолдануын өтінді. Тұрғындардың өтініштілек, арыз-шағымдарын мұқият тыңдаған аудан əкімі Райхан Садықова бірқатарын орнында шешіп, кейбіреулерін назарға алып, болашақтың еншісіне қойды.
Түс ауа осындай аудан əкімінің есеп беру жиыны Бесқайнар ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда да алдымен ауылдық округ əкімі Мейіржан Əділбеков есеп берді. Ауылдағы атқарылған ауқымды істерін баяндады. Содан кейін жұртшылық аудан əкімі Райхан Садықованың есебін тыңдады. Аудан басшысы 2017 жылда атқарылған жəне 2018 жылға жоспарланған жұмыстар мен қолға алынатын жобалары туралы өнеркəсіп, ауылшаруашылығы, əлеуметтік, білім, мəдениет салалары бойынша баяндап берді. Жиында ауыл тұрғындары жарыс сөзге шығып өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бірінші болып мінберге шаруа қожалығының иесі Қайрат Шаймарданов шықты. Ол жолаушылар тасымалдайтын көлік мəселесін шешіп, шаруаларға қажетті техникаларды жалға беретін орталық ашуды ұсынды. Аудандық сəулет бөлімінің жұмысына сын айтып, қоғамдық тəртіп сақшыларын тіркеуді жылдамдатуды сұрады. Одан кейін Мария Чуткина сөз алып, ауылға жаңа пошта ғимараты салынса деген өтінішін білдірсе, Айдар Искаков электр энергиясының қымбаттығы мен Қотырбұлақ ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіштің жай-күйі туралы мəселе көтерді. Ал Ольга Тимофеева аудандық жер бөлімі мен сəулет бөлімі, жер кадастры мекемелерінің жұмысын сынға алып, құжат рəсімдеудегі жіберген өрескел қателіктерін алға тартып, аудан əкімінен көмек сұрады. Ауылдағы «Балажан» балабақшасының меңгерушісі Əйгерім Тюльтенова балабақшаны «Балапан» бағдарламасына енгізуді өтінді. Зейнеткер Мариям Қожахметқызы Бесқайнар ауылы мен Алматы қаласы арасына жолаушылар тасымалдайтын таксилердің жол ақысының қымбаттығын ашына айтып, ауылдағы күтушісі жоқ қарттарға көмек қолын созуды сұрады. №20 орта мектептің жас маманы Камшат Тогасова ел басқарып отырған аудан, облыс басшыларының жастарға жасап жатқан қамқорлығы мен қолдауына алғысын білдіріп, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді. Жарыс сөзден соң тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан əкімі Райхан Садықова жиналысқа арнайы келген мекеме басшыларын қатыстыра отырып жауап берді. Сұрақ-жауап барысында тиісті бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округтер əкіміне нақты тапсырмалар берілді. Жиылған көпшілік аудан мен ауыл əкімдерінің есебіне оң бағаларын беріп тарасты.
Перизат НҰРҚАЕВА
«Талғар-ақпарат»