Ерекше балаларға мереке сыйлады

Ерекше балаларға мереке сыйлады

Жаңалық ауылының ерекше балалардың ата-аналары одағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап жаңа жыл кешін өткізді. Мерекелік шараға 40-тан астам сал ауруына ұшыраған, талма, қант диабеті, аутизм сияқты ауыр дертпен күресіп жүрген ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты.

 

Балалар шексіз қуанышқа бөлен­ді. Аяз ата мен Ақша қар оларға түр­лі қызықты ойындар ойнатты, тақпақ айтқызып, жұмбақ жасырды. Жұм­бақтың шешуін тапқан алғыр бала­қайларға сыйлықтар берілді. Бүл­діршіндер өздері жаттап келген тақ­пақтарын, әндерін айтып, көңілді әуеннің ырғағымен тербеле биледі. Ғажайыпқа сенетін балдырғандар өзде­рін ертегі әлемінде жүргендей сезінді.
Ерекше балалардың ата-аналары одағы республика көлемінде акция ұйымдастырған болатын. Онда мүмкіндігі шектеулі балалардың арманы жазылған хаттарды оқыған әр адам сол балапандардың тілегін орындауға мүмкіндік алды. Осы мерекелік шарада акция аясында хат жазған көптеген баланың арманы орындалды. Олрға өздері сұраған ойыншықтар, тұрмыста, оқуға қажетті керек-жарақтар, киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік табысталды. Бұл игі бастаманың әлі де жалғасатынын, балаларға әлі де қуаныш сыйлайтынын айтқан ұйымның жетекшісі Айда Реимова кез-келген адамның қайырымдылық шарасына қатыса алатынын жеткізді. Ойыншық қонжық алған кішкентай Айару Нұрмаханбет өзіне осындай сыйлық беріп жіберген мейірімді жанға алғысын білдірді.
Мерекелік кештің өтуіне көптеген жаны жомарт жандар қол үшін созған. Самал Букумбаева тегін тойханамен қамтамасыз етсе, Ержан Есімов Аяз ата, Ақшақарды және басқа да аниматорларды шақырып, балаларды шексіз қуанышқа бөледі. Сондай-ақ Жетіген ауылының кәсіпкерлері азық-түлікпен қамтамасыз етті. Әр бала шынайы махабат пен мейірімге мұқтаж екенін жеткізген Ержан Есімов: «Мүмкіндігі шектеулі балаларға да, олардың ата-аналарына да қоғам болып көмектесуіміз керек. Мұндай балалары бар адамдарға оңай емес. Оларды назардан тыс қалдырмау, қол ұшын созу – борышымыз. Әр бала бақытты болуға лайық», – деді.
Ата-аналар одағы осы жылы ғана құрылған, соған қарамастан ауданымызға қарасты көптеген мүмкіндігі шектеулі балаға қол ұшын созып, қуаныш сыйлап үлгерді. Одақ жетекшісі Айда Реймова: «Біз ерекше балаларға шамамыз келгенше көмектесіп келеміз. Олар да дені сау балалар сияқты алаңсыз өссе екен дейміз. Десе де мүмкіндігі шектеулі болғандықтан олар айрықша көмекке мұқтаж. Мысалы, біздің одаққа қарасты балаларға оңалту орталығы, сал ауруымен ауыратын балаларға спорт алаңы, инва такси, мүгедектік туралы құжат ала алмай жүрген балаларға көмек керек. Олар да қоғамның бір мүшесі, өздерін жарымжан сезінбеуі керек. Біз олардың бойларындағы талантты, өмірге деген құштарлығын арттыра алсақ, Абай атамыз айтқандай, “дүниеге бір кірпіш” болып қалана алар деп ойлаймын», – деді.
2016 жылы жол апатына түсіп, жарымжан болған Алтынбек Нұрмахамбет пен Нұрмахамбет Аянаның анасы Алия Өтежанова балаларына мүгедектік туралы құжат жасата ал­май жүргенін айтып налыды. Үкіметтен тек көпбалалы ана ретінде ғана жәрдемақы алады екен. Сол апаттан кейін өмірі күрт өзгерген балаларының ем-домына, керек-жарағына қаржысы жетпей қынжылатын кездері көп болыпты. Көпбалалы ана мемлекет тарапынан балаларына мүгедек ретінде көмек ала алса, олардың сауығып кетуіне үлкен қолдау болатынын білдірді. Сондай-ақ балапандарының қазіргі хәлін көріп, жаны ауыратынын, өз балаларының дені сау балалар сияқты армансыз, алаңсыз өсуін қалайтынын жеткізді.
Балдырғандарды керемет шаттыққа бөлеген мерекелік кеш оларды қуантып қана қоймай, шынайы мейірім сыйлады. Жүздері бал-бұл жанған балақайлар бұл ерекше сәттің аяқталмауын қалағандай. Олардың ата-аналары балаларына осындай жақсылық жасаған қайырымды жандарға алғысын жаудырды.