Филиппин президенті: Билікте ұзақ отырсам, мені атып тастаңдар!

Филиппин президенті: Билікте ұзақ отырсам, мені атып тастаңдар!

Филиппин президенті Родриго Дутарте президенттік лауазымда ұзақ қалатын болса, әскерилерден мемлекет Конституциясын қорғап қалуды сұрады. Қазіргі уақытта елде депутаттар мен шенеуніктердің өкілеттілігін ұзарту туралы конституциялық реформа талқыға салынды, деп жазады Қамшы порталы.

Филиппин президенті әскери базаға сапары аясында өз өкілеттілігі біткен соң елді басқаруды жалғастырса, әскери қызметкерлерден өзін атып тастауды сұрады. Сондай-ақ әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының міндеті – «Конституция мен халықты қорғау» екенін ескертті.

Жергілікті агенттіктің мәліметінше, өткен аптада Дутартенің жақтаушылары конгресс үкіметінің палатасында мемлекеттің федералдық құрылымға өтуі үшін конституциялық жиналысқа шақыруды дауысқа салған. Жаңа Конституция 2019 жылғы парламенттік сайлауды кейінге қалдыруға және депутаттар мен шенеуніктердің өкілеттіліктерін ұзартуға мүмкіндік береді.

Филиппиндік Inquirer басылымының хабарлауынша, қоғам пікірі екіге бөлінген. Жоғарғы соттың бұрынғы сот төрағасы кіші Хиларио Давиде өткен жылдың ақпанында «қолданыстағы Конституция билікті асыра пайдаланушылықтан қорғайды және елді басқару үдерісіне халықтың белсенді қатысуын қамтамасыз етеді» деп мәлімдеген. Осы жылдың 17 қаңтарында ол «1987 жылы қабылданған Конституция мемлекетіміз үшін, болашағымыз үшін ең тиімдісі болмақ», — деп өз позициясын тағы растады.

Алайда мемлекет федералдық құрылымға өткен жағдайда әр ауданның саяси позициясы күшейіп, өзіндік басқару династиясы құрылуы мүмкін деген қауіп елде өршіп тұр. Осыған орай «Халық билігі» демократиялық партиясы Негізгі заңның мәтінінде бір отбасының өкілдерінің өкілеттіктерін шоғырландыруға және олардың мұраға берілуіне тыйым салуды ұсынды.

Ал Дутартенің баспасөз хатшысы Гарри Роуг президенттің өз орнында мерзімінен ұзақ отырмайтынын, тіпті одан бұрын кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Филиппин президенті алты жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар, төрт жыл жоғары лауазымда болған әр азамат оны қайтадан алу құқығынан айырылады. Дутарте 2016 жылы президент болып сайланған.

Талғар-ақпарат