«Үміті мен арманы көп адам осы сəттің өзінде де келешектің құшағында өмір сүреді» – деп ойшыл Л.Шеффер айтпақшы, əр адамның жас кезінен білмекке талпынғаны қандай ғанибет. Жас кезінен дзюдо, самбо күресімен айналысып, күрестің екі түрінен де биік белестерді бағындырып жүрген «Қазақстанның спорт шебері» деген атағы бар, балуан қыз Алина Сатыбалды жас кезінен еңбекқор қыз болып өсті. Оның əкесі Əбдікерімов Қанатбек дене тəрбиесінің маманы еді де, əпкесі Еңлік Сатыбалды дзюдо күресінен белгілі балуан еді. Оған жасөспірімдер арасында үш дүркін Азия чемпионы болған əпкесі Еңліктің ықпалы зор болды. Бесінші сыныптан бастап аудандық жасөспірімдер спорт мектебіндегі белгілі жаттықтырушылар Жомарт Сағындықов пен Найл Мусавтың қарамағында жаттыққан Алина жоғары сыныптарға келген
кезде самбо күресіне түпкілікті бет бұрды. 2015 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 48 келі салмақта бақ сынаған ол бес белдесудің бəрінде де айқын жеңіске жетіп, кеудесіне «Спорт шебері» деген күміс жетонды жарқырата тақты.
Ұршықша үйіріліп, боз кілем үстінде шапшаң қимылдайтын Алина дзюдо күресінен де «Спорт шеберлігінен үміткер» атағы бар. Екеуін де жақсы меңгерген балуан қыз облыс, республика біріншіліктерінде Талғар қаласының намысын абыроймен қорғауда. Алматы қаласындағы Дене тəрбиесі жəне Спорт академиясының «Дене шынықтыру және спорт» факультетін бітірген жас маман бұл күндері №2 қазақ орта мектебінде 2-3-4 сыныптарға дене тəрбиесінен сабақ беріп жүр. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Алина Сатыбалды əлі де күрестен қол үзген емес. Оны үнемі спорт мектебіндегі боз кілем үстінде тынымсыз жаттығулар жасап жатқанын жиі көруге болады. Спорт шебері, самбо жəне дзюдо күресінің жас шебері Алина Сатыбалдының өзін көрсетер кезі əлі алда.