Елді мекендердің келбетіне сән беретін — алыстан көз тартатын архитектуралық нысандар ғана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беретін көше атаулары да болуы керек. Кезінде кеңестік саясатқа байланысты атау алған көшелер тәуелсіздіктен бері ұлттық сипатқа бой алдырып, ұлттық ономастиканы елдік тұрғыда жүйелеуге қатысты көптеген жұмыстарды атқаруға тура келді. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жаңаша атауға ие болған үлкен қалалар, көшелер бүгінде тарихи жадымызды қалпына келтіруге үлкен септігін тигізуде. Әрі қазақшаланған көше аттары арқылы да біз елдің, жердің иесі кім екендігін ұқтыра аламыз.
Халықтың дәстүрлі дүниетанымы мен бітім-болмысын, елді мекендердің түпқазығын нақтылау ниетінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің ұйымдастыруымен Павлодар қаласында «ҰЛТТЫҚ ОНОМАСТИКА — ЕЛ АЙНАСЫ» атты республикалық байқау өтті. Жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін мамандар арасында ұйымдастырылған конкурс елімізде осы сала бойынша өткен жылы алғаш рет қолға алынған-ды. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып, ономастика мәселесімен шұғылданатын мамандардың біліктілігін байқап көруді мақсат тұтқан байқауда еліміз бойынша 11 команда қатысып, бағын сынады. Нәтижесінде Алматы облыстық «Жетісу» командасы жоғары Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Үш адамнан тұратын команда құрамында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Ермек Ақшабаев, ономастика бөлімінің бас маманы Айдана Арсалан және Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева болды.
«Осы байқау арқылы сала мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіріп, сол жұмыстарды ынталандыруға, өзара тәжірибе алмасуға, жергілікті тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жолға қоюды байқап көру болса, республикалық байқау сол мақсат үдесінен толық шықты» – дейді байқау ұйымдастырушылары.
Жалпы, мемлекеттік идеологияның бір саласы – ұлттық ономастика тек белгілі бір филологтардың немесе тілдерді дамыту басқармаларының ғана шаруасы емес деп ойлаймын. Сананы жат идеологиядан тазартуға үлкен әсері бар ономастика мәселесі мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін аса маңызды істің бірі екені әрқайсымыздың қаперімізде жүргені жөн. Ал ұлттық сипатты ұлықтаған байқаудың жеңімпаздарына қарап Алматы облысы ұлттық мүдде талабына лайықты жауап беріліп жатыр деп есептеуге болады.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»