Ұлы даланың өрендері
Еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін құт қонып, бақ дарыған Нұра ауылдық округі — тарихи терең аудан шежіресінің қайнар бұлағы. Кезінде қандай болғанын қайдам, бүгінгі ұрпақтарының ұйымдастыруымен ұлттық рухтағы іс-шаралардың дені осы өңірде өрбіп жатады. Түйенің қомында, жылқының жалында өмір сүрсе де, қанша жерден қара дауыл соқса да ұлттық өнердің тегін жоғалтпай, қазақтың құнарлы дүниесін заманмен үндестіре жалғастырып жүр.
Жуырда ғана қазаққа ғана тән, бағзы заманнан, батыр бабалардан мирас болған асыл өнер – көкпарды насихаттауға арналған үлкен іс-шараның өтуін жастар арасында ұлттық кодты жарнамалаудың тың тәсілі деп бағаладық. 2019 жылдан бастау алған ат ойыны былтырғы пандемияда болмай қалып еді, биыл жалғасын тапқаны ойынды тамашалауға келген жұртшылықты бір қуантып тастады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына қолдау білдіре отырып Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен жарыс елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту, жастардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатын ұстанды. Нұра ауылдық Мәдениет үйінің басшылығымен өткен бала-көкпар «Ұлы даланың өрендері» деген тақырыпты арқау етіпті. Ойын алдымен Мәдениет үйінің өнерпаздарының әуелете салған әндерімен, күмбірлете шерткен күйлерімен бастау алды. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламадан соң жиналғандардың назары ұршық иіріп, жүн сабаған, бауырсақ пісіріп, қазан қайнатқан әжелерге ауды. Мәдениет үйі жанынан құралған «Нұрай» әжелер ансамблінің кимешек киген әжелерінің салт-дәстүрден көрсеткен көріністері ұйықтап бара жатқан ұлттық танымды түртіп оятқандай болды. Камура Қызырханқызы жетекшілік ететін ансамбль бар өнерлерін салып, үлкеннің де, кішінің де қазақи саналарын сілкіп өтті. Осылайша жарқырай ашылған шара көркін ат спорты қыздырды. Туғанбай, Өстемір, Нұра ауылынан қатысқан көкпаршылар өз мекенінің абыройын түсірмес үшін нағыз айқасқа толы жарыс өрнегін көрсетті. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың қаны бар жастар салым салуға асықты. Өзара сайыста білекті балалар жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинау үшін күштерін жұмсады. Сайыс нәтижесінде Қуаныш Маратұлы жетекшілік еткен Нұра ауылының қызу қанды жастары айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Ал Туғанбай мен Өстемір ауылдарынан келген командалар қалған орындарды бөлісті. Команда жетекшілері Ернар Асқанұлы мен Абдукаким Мақсатұлы ойынға лайықты өнер көрсеткен жастарға алғысын білдірді.
– Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасаса ұтарымыз көп болары даусыз. Сондықтан да біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жас балалар арасында дәріптеп, насихаттауға, дамытуға міндеттіміз,- дейді Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпхан.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»