18 Қорғаныс дәрежесіне ие

18 Қорғаныс дәрежесіне ие

1993 жылы қазақстандық теңге айналымға енді. Бұл күн тәуелсіз республика үшін маңызды оқиға болып, мемлекеттің беріктігі мен егемендігінің символына айналды. Ол кезде Қазақстан мемлекет ретінде жаңа ғана қалыптасып жатқан кезі еді. Өзін Тәуелсіз ел ретінде барша әлемге таныту үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, соның бірі өз ақшамызды пайдалану. Сөйтіп  Досбол Қасымов, Меңдібай Алин, Тимур Сүлейменов сынды белгілі суретші-дизайнерлерден  құралған арнайы топ «теңгенің» алғашқы бейнесін әзірледі. Таралымы Ұлыбританияда басылды. 1995 жылдан бастап Қазақстан оларды дербес шығаруды қолға алды.

Еліміздің теңге сарайы үздік бестікке кіреді. Ал 1997 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.
Теңге әлемнің ең қорғалған валюталары­ның қатарына кіреді. Қатаң түс гаммасы, теңгеге жаңа техникалық элементтердің ену- бұл қазақстандық суретші-дизайнерлердің жоғары кәсібилігінің арқасы. Ол 18 Қорғаныс дәрежесіне ие. Бұл аралас суреттер, мөлдір терезе, люминесцентті бояу, алтын энтаглио. Тіпті көру қабілеті нашар адамдарға арналған арнайы белгі бар.
30 жыл ішінде ақшаның дизайны бірқатар өзеріске ұшырап отырды. Ең бірінші қағаз ақшаларда Шоқан Уалиханов, Абай, Жамбыл Жабаев, Әл Фараби  секілді тарихи тұлғалардың және туған жеріміздің көрікті орындары  бейнеленді.

«Талғар-ақпарат»