Назарбаев: АҚШ пен Ресейдің арасы нашарлағанына алаңдаулымыз

Назарбаев: АҚШ пен Ресейдің арасы нашарлағанына алаңдаулымыз

Қазақстан АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы нашарлағанына алаңдаушылық білдіреді. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен бірлескен пресс-конференцияда айтты, —  деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі халықаралық ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

— Солтүстік Корея мәселесін АҚШ, Қытай мен Ресей үшеуі тізе қосып қана шеше алады. Осы орайда АҚШ пен Ресейдің байланысы үзілгеніне біз жақын көршілері ретінде, әрине, алаңдаймыз, — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан мемлекет ретінде Қазақстанның басқаларды өзінен үлгі алуға шақыруға моральдық құқығы барын атап өтті. Сонымен қатар ол АҚШ-тың 2001 жылы Ауғанстанда терроризмге қарсы жүргізген күресін белсенді қолдағанын еске салды.

— Қазір Ауғанстанда жасалып жатқан үлкен жұмыстарды қолдап отырмыз. Терроризм ошағына қарсы тұру – бәріміздің, Ауғанстанның бүкіл көршілерінің міндеті, — деді Назарбаев.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанға 75 миллион долларға гумманитарлық көмек көрсеткенін және мыңдаған ауған жастарын 50 миллион долларға оқытқанын жеткізді.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампты президенттік қызметіне бір жыл толуымен құттықтап, Қазақстан мен АҚШ достығын тілге тиек етті.

— Шақыртуыңызға көп рахмет, президент мырза! Осы сәтті пайдалана отырып, сізді президенттік қызметіңізге бір жыл толуымен және экономикадағы орасан табыстарыңызбен құтықтаймын. Осында отырғанымның өзі – мен үшін зор мәртебе. Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қолдағандарыңыз біз үшін әрқашан маңызды болған. Аймақтағы сіз бен бізді толғандырған мәселелер жөнінде әңгімелесіп, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереміз деп үміттенемін. Мен сізге ризамын және сәттілік тілеймін,  — деді Назарбаев.

Ал Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп санайтындығын баса айтты. Сонымен қатар Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын мәлімдеді.

— Менің шақыртуымды қабыл алғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Ақ үйде Сізді қабылдау – мен үшін үлкен абырой. Бұған дейін де Сауд Арабиясында бірқатар мәселелерді талқыладық. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткізді. Қазіргі АҚШ экономикасы үлкен бір белеске шықты», — деді Дональд Трамп.

 

Талғар-ақпарат