Талдықорғанның көлік прокуратурасымен меморандумға қол қойылды
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева мен Талдықорған қаласының көлік прокуроры Данияр Манасбаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерін құқықтық қорғауды күшейту.
Әріптестік аясында өңірлік палата мен көлік прокуратурасы кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін анықтау және шешу бойынша бірлескен кездесулер өткізіп, жұмыс топтарын құрады және басқа да іс-шаралар ұйымдастыратын болады.
«Бізде осы бағытта бизнестің бірқатар өзекті мәселелері мен ұсыныстары бар. Сондықтан көлік прокуратурасымен бірлесіп кәсіпкерлер қзыметіне бөгет келтіретін жүйелі проблемалар мен кедергілерді анықтау бойынша жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз», — деп айтты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.
Сондай-ақ, көлік прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша мобильді топ құрды. Топ жұмысы көлік саласындағы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының әрбір фактісіне жедел ден қоюға бағытталған.