Қазақ радиосына бір ғасыр

Қазақ радиосына бір ғасыр

2021 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1 қазан — «Радио күні» болып жарияланды. Қазақстанда радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталған болатын. Осы тарихи негізді алға тарта отыра Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтау барысында Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды «Радио күні» деп жариялауды ұсынған болатын.

Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы — Орынбор қаласынан Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен 1921 жылдың 1 қазанында бүкіл Республикаға трансляция беріле бастаған еді. Алайда, оның хабарлары маусымның бас кезінде ғана тұрақты түрде таралып, көлемі тәулігіне алғашқыда 4 сағат, кейінірек 6 сағаттан 12 сағатқа дейін жеткізілді. 1930-шы жылдар Қазақ радиосының даму жылдары болып, осы кезеңде ішкі редакциялық құрылым жүйеленіп, шығармашылық ұжым қалыптасты. Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, бекіді. Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Радио ұжымы әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөледі. Бүгінгі таңда Қазақ радиосы — форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция. Қазақ радиосының негізгі міндеті – мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырысты орындап, эфирдегі сөз арқылы еліміздегі және әлемдік қауымдастықтағы жаңа, сан қырлы бет-бейнесін қалыптастыру.

Қазақ радиосы өзінің тарихи ақпараттық борышын орындай отырып, мемлекеттік саясатты еліміздің тұрғындарына, ал қазақстандықтардың пікірлері мен ұстанымдарын билік тізгінін ұстап отырған құрылымдарға оңтайлы және шұғыл жеткізудің көпірі болып қала береді. Қазақ радиосы сөздердің сауатты айтылуына, тіл тазалығына және тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөліп келеді. Радиожурналистердің кәсіби деңгейі олардың қазақ тілінің лексикалық байлығын пайдалана отырып, эфирді еркін меңгеруінен де байқауға болады.

Қазақтың ән мен күй өнеріндегі «алтын дауыстарды» сақтауда Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің орны ерекше. Мұнда қазір 111 мыңнан астам құнды фонограммалар сақтаулы тұр. Баға жетпес байлық Қазақ радиосы қызметкерлерінің елеулі еңбегінің арқасында молайып, толығу үстінде.

Тәуелсіздік тарихында атаулы кәсіби мереке тұңғыш рет аталып өтпекші. Қазақ радиосының бас қосыны Елордада. Алматы филиалындағы студиядан да әр-түрлі хабарлар уақытылы таратылады. Радио ғимараты 1970 жылы пайдалануға берілген екен. Одан бері де 51 жыл өтті. «Қазақ» радиосының 100 жылдығы мен « Шалқар» радиосының 55 жылдығы аясында Радио үйіне мемориалды тақта орнатылды. Сонымен қатар «Радио үйінің» алдында орналасқан аялдамаға «Қазақ радиосының» атауы беріліп, радио қондырғысы ілінді. Енді жолаушылар сол қондырғыдан радио хабарларын тыңдай алады. Қалай айтсақ та, небір дүлдүлдердің, қазақтың дарабоз ұл-қыздарының сөзін жеткізіп, ұлт руханиятының бесігі болған қарашаңырақтың орны бөлек. Бұл тарихи ғимарат. Небір жақсылар мен жайсаңдардың табаны тиген киелі қоныс, құтты орын.

Мереке қарсаңында ұлттық кітапханада ғасыр тарихынан сыр шертетін көне құжаттар мен суретшілердің көрмесі өтіп, дәстүрлі және эстрада әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Айтулы шараға радио тарихын зерттеген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашов бастаған қазақ радиосында 40-50 жыл еңбек еткен радио ардагерлері және әртүрлі жылдары еңбек етіп кеткен орта буын өкілдері қатысты. Одан бөлек ғасырлық мереке аясында радио тарихымен тығыз байланысты Нұр-Сұлтан мен Қызылорда қалаларындағы және ТМД елдерінің мәдени астанасы болған Шымкент қаласындағы көшелерге «Қазақ радиосы» атауы берілді. Сондай-ақ Елордадағы көпқабатты үйлердің қасбетіне радионың мерейтойына арналған мурал салынды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге диктор Ә. Байжанбаевтың есімі де берілді. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аудитория, зертханалық радиостудия ашылды. Осының барлығы Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойының аясында өткзіліп жатқан игі бастамалар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тұспа-тұс келген бүгінгі мерейтойдың орын бөлек.

Осы орайда ғасыр толған радио журналистерін ұжым атынан мерейлі мерекелерімен құттықтаймыз. Әріптестеріміздің шығармашылықтарына табыс тілей отырып, келешекте де мағыналы әрі мазмұнды хабарларымен ұлттың жадын жаңғыртып, мемлекетімізді нығайтуға ат салыса береді деп сенемін.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»