Жетісуда 760 мың адам екпе салдырды
Алматы облысында коронавирустық инфекцияның 51 744 жағдайы тіркелген болса, соңғы тәулікте 133 адамның індет жұқтырғаны белгілі болып отыр, деп хабарлайды «Jetisy Media».
Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,5% — дан 0,4% — ға дейін төмендеді. КВИ анықталған 133 жағдайдың 12-сі 14 жасқа дейінгі балаларда анықталса, 12-сі оқушылар, ал 3-еуі студенттер арасында байқалған.
Жыл басынан Алматы облысына вакцинаның 1 компонентінен 839 685 доза келді, 2 компонентінен 829 815 доза алынды. Бүгінгі күні облыста вакцинаның 1 компонентінен 79 635, 2 бөлігінен 161 219 доза қалып отыр. 4 қазанға қараған күні 760 019 (69%) адам вакцинаның бірінші компонентін алды, екіншісімен 668 522 (61%) тұрғын егілді.
«Біз бұл инфекциядан құтылудың бірден -бір сенімді жолы жаппай вакцинация екенін білеміз. Бүкіл әлемде COVID-19 эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдануда, оның ішінде халық арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Өзін-өзі оқшаулаудың және басқа да шектеулі шаралардың балама шешімі – бұл вакцинация»,- дейді Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың директоры Анарбек Монгол.
Қаперлеріңізде жүрсін, вакцинациялау – бұл өзіңізді, балаларыңызды, отбасыңызды және қоғамды COVID-19-дан қорғау болып табылады.