Алматы облысында хореограф аудан орталығында алғашқы би студиясын ашты
Алматы облысында жас хореография оқытушысы Әмина Ұрманова кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, ауданда алғашқы би студиясын ашты.
21 жасар Әмина Ұрманова Сарқан ауданындағы Сарқан қаласының тумасы. Гуманитарлық колледжді ұйымдастырушы-педагог мамандығы бойынша бітірген. Колледжде би ұжымының жетекшісі болып жұмыс істеді, сондай-ақ балаларды дамыту орталығында хореографиядан сабақ берді.
«Студент кезімде мен болашақ мамандығым туралы көп ойландым. Мектепте не балабақшада мұғалім немесе басқа жерде жалдамалы маман болып жұмыс істеймін бе деп ойладым. Талдықорған қаласындағы мемлекеттік халық би ансамбліне де шақырту болды. Алайда дара қызмет жасағым келді. Сондықтан жеке кәсіпкерлікті бастауға бел будым», — дейді кәсіпкер.
2019 жылы Әмина «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнестің негіздері бойынша білім алып шықты. Кейін ол «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 АЕК көлемінде грант алды. Бұл қаражатқа жас кәсіпкер би орталығына орын-жайды жалдап, қажетті жабдықтар сатып алды. Ал би студиясына «Грация» атауын берді.
«Колледжде оқу кезінде би билеуге ниет білдірушілердің саны көп болды. Бірақ қаламызда мұндай студия болған жоқ. Сондықтан сұранысты зерттей отырып, би орталығын ашу керектігіне көзім жетті. Әзірге бұл біздің аудандағы алғашқы және жалғыз орталық. Студияда балалар классикалық билерден бастап, гимнастика негіздеріне, қазіргі заманғы билерге дейін оқыту мен жаттығуларды үйренеді», — дейді жас кәсіпкер.
Студияда Әминаның өзі сабақ береді. Ұлттық билерден бөлек әлем халықтарының билерін, заманауи, эстрадалық және классикалық билер үйретіледі. Сабаққа 4 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Алғашында 20 жасөспірім келсе, қазір келушілер саны еселенді. Жақында ересектер тобы ашылды.
Оқытудан басқа Әминаның би студиясы түрлі байқауларға қатысады. Осы жылдың жаз айында жас бишілер «Танцуют все!» хорография өнері бойынша республикалық байқаудың бірінші орын лауреаттары атанды.
Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 3,1 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды қоса алғанда 1200-ден астам бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.