МЕРЕЙІ ҮСТЕМ ОҚУ ОРНЫ

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ ОҚУ ОРНЫ

Қаламыздағы ғасырға жуық тарихы бар М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің жетістіктері аудан абыройын асқақтатып келеді. Биылғы оқу жылын 1298 болашақ маман даярлаумен бастаған іргелі оқу орнындағы жастар тəрбиесіне үлес қосып отырған 108 қызметкердің барлығы дерлік жоғары білімді. Араларында білім саласының профессор, академик, ғылым магистрлері де бар. Сондықтан да болар, сапалы білім мен саналы тəрбие беріп келе жатқан білім шаңырағы облысымыздағы барлық колледждер арасында екінші орынды, еліміздегі 811 мемлекеттік колледждің арасында 50 орынды еншілеп келеді. Жаңа оқу жылы басталысымен аталмыш колледж Алматы облысындағы 75 колледждің арасында ұйымдастырылған «Үздік кəсіптік білім беру ұйымы» байқауында алғашқы үздік үшеудің қатарына кірді. Сонымен қатар, «Ыбырай Алтынсарин атындағы ҚР білім беру қызметкерлерінің Бірлестігі» Республикалық қоғамдық ұйымының 2-ші Ұлттық премиясында «Білім беру саласының үздігі» номинациясына, «Халықаралық экология, инженерия жəне педагогика ғылым академиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен 2-ші Ұлттық премиясында алдыңғы қатарлы 100 үздік оқу орындарының қатарына кіріп, «Білім саласының үздігі — 2017» номинациясын да жеңіп алған еді. Ескі жыл қорытындысы бойынша осындай марапаттарға ие болған колледж ұжымы бүгінгі таңда жаңару бағытындағы ізденістерімен қоса толағай табыстарға жетелейтін бастамашылдығымен ерекшеленуде. Əлемдік бəсекеге төтеп беретін өз ісінің білікті мамандарын дайындап шығаруда Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжі алдыңғы қатарда келе жатыр. Колледж құрылғаннан бергі уақытта ауылшаруашылығының ең маңызды салаларына 26 мыңнан астам білімді де, білікті мамандар оқытып, қанаттандырды. Жаңа жыл қарсаңында аталмыш оқу орынының абыройы тағы бір мəрте асқақтады. Бұл жолы оқу орынының білім саласына қосып келе жатқан ғасырлық еңбегін Франция мемлекеті жоғары бағалады. Еліміздің Тəуелсіздік мерекесінде Парижге жол тартқан коллледж директоры Жақсылық Сатылғанов Францияның «SEIN» Ұлттық өнеркəсіпті қамтамасыз ету компаниясының марапатына ие болып, ел мерейін асқақтатып келді. Ол аталмыш компанияның тəуелсіз мемлекеттер арасында ұйымдастырған байқауында «Білім берудегі дəстүрлерді сақтап, инновация енгізудегі еңбегі үшін» номинациясын жеңіп алып, «Шапталь» медалін кеудесіне қадаса, өзі басшылық етіп отырған колледж «SEIN» алтын медальді белгісіне ие болды. Бұл марапатты 1801 жылы Наполеон Банопарт негізін қалаған Ұлттық өнеркəсіпке жəрдемдесу ассоциясы ұсынып отыр. Биылғы жылы бұл марапатқа ТМД елдері бойынша 14 кəсіпорын лайықты деп танылған екен. Олардың арасында ауданымыздағы іргелі оқу орыны Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің болуы біздер үшін зор қуаныш. Ұрпақ тəрбиесінде сүбелі еңбегі үшін лайықты бағасын алған білім ошағының басшысына марапатты Ассоциация президенті Оливер Мейсон өзі тапсырған. Өзге мемлекеттерден келген қонақтарды зор құрметпен қарсы алған франциялықтар, оларға Парижды аралатып, салтанатты кеш ұйымдастырып, қонақжайлықтарын көрсеткен. Елімізге абырой биігінде, зор əсермен оралған Жақсылық Қасабекұлы біздермен қуанышымен бөліскен еді. Жерлестеріміздің жетістіктеріне біз де марқайып қалдық.

Талғар-ақпарат