САЙРАҒАН ІЗІ ЖАТЫР ӘР ЖҮРЕКТЕ
«Мəңгі өмір жоқ, мəнді өмір болады». Қалт айтпас қазақтың қанатты сөзі еске түскенде мемлекет жəне қоғам қайраткері, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тұлғасы көзге елестей қалады. Көзін көрмесек көзін көрген жандардың естеліктерін оқып, түйген ойым – борыш сезімімен берілген абыроймен өмір сүріп, əр ісіне саналылықпен, парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарай білген көрнекті тұлға көпшіліктің сүйіспеншілкпен еске алатын сүйкімді бейнесі. «Тау алыстаған сайын ажарлана түсетіні» сияқты Қонаев тұлғасы да уақыт өткен сайын дараланып, айшықталып келе жатқандай. Адамгершілік тұлғасы таныған сайын асқақтап, білген сайын биіктей түсуде.
Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ ол кісіге деген зор ықыласты аңғаруға болады. Ел аңыз қылып айтатын қарапайымдылығына қарап қалай құрметтемессің, қалай қастерлемессің?!
Ол кісі тіпті аула сыпырушыға да амандаспай өтпейді екен. Димаш Ахметұлын батыр деп айтуға толық негіз бар. Алпысыншы жылдарда КСРО-ның Бас хатшысы Хрущевқа қарсы тұрып, 5 облысты Ресейге қосып алуына табанды қарсылық көрсеткен екен. Ол кісінің тұсында Қазақстан дүние жүзіндегі 25 аграрлы елдің қатарына кіруінің өзі іскер адамның ісін аңғартса керек. Жаңа өнеркəсіптік аудандар пайда болып, жаңа қалалар мен ірі елді мекендердің іргесі қалануын көзі көргендер ұмыта қойған жоқ. Бəрін емес, кейбір маңызды дегендерге қысқаша тоқталып өтетін болсақ, Павлодар-Екібастұз отын-энер гетика кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су-электр стансысы, Павлодар зауыты, Маңғыстаудағы мұнай кені орындары, т.б. алыптар іске қосылды. Медеу мұз айдыны мен Қапшағай қаласын салудағы еңбегі өлшеусіз. Оның даналығы мен нақыл сөздері кез-келген салада жүрген талай жастың биіктен көруіне арқау болды. Атап айтсақ, ол əкімшіл-əміршіл жүйе заманында Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» еңбегіндегі айтайын деген ойларына аса мəн беріп, түрлі сын-жаладан арашалап қалды. Аты аңызға
айналған тұлға Дінмұхаммед Ахметұлының өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінде халық игіліне қызмет етіп отыр. Қазақтың Димаш Ахметұлы тəрізді біртуар ұлын еске алу – парызымыз. Қазақстан тарихында есімі алтын əріптермен жазылған Дінмұхаммед Ахметұлы қазақ елінің дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосып, халық есінде кемеңгер тұлға ретінде мəңгілікке сақталады.
М. Бөлек