Серік Жұманғалиұлы іссапарын Панфилов ауылдық округінде орын тепкен «Байсерке-АГРО» ЖШС-інен бастағаны тегін емес. Панфилов ауылдық округіндегі 56 шаруа қожалығының бірі əрі бірегейі болып саналатын «Байсерке-Агро» ЖШС-і өңірдегі ғана емес республикадағы ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі болып саналады. 2002 жылы құрылып, бүгінде асыл тұқымды етті-сүтті мал басын
көбейту бойынша озық тəжірибелерімен өзгелерге үлгі болып келе жатқан серіктестіктің жетістіктері айтарлықтай. Өткен жылдың өзінде 900 ірі-қара мал басына арналған мал бордақылау алаңы мен 840 басқа арналған сүт тауарлы фермасын кеңейтуінен мал басының өскенін айқын аңғаруға болады. Селекциялық-асыл тұқымды мал басын өсіруге ден қойған шаруа құрылымы 2013 жылы Канададан 634 бас асыл тұқымды голштин тұқымды сүтті сиырларды əкелсе, ал 2014 жылдың аяғында қосымша 2800 бас ангус етті тұқымды ірі қара малын сатып алған. Бүгінде сүт бұлағын селдеткен асыл тұқымды сауын сиырларды əйгілі «De Laval»
компаниясының алты робот-сауыншылары сауып, автоматтандырылған орталықта сүттің құрамы мен майлылығы сияқты толық санитарлық-ветеринарлық мəліметтер арнайы экранда айқындалып тұрады. Жем-
шөп жағынан да таршылық көрмейтін шаруашылықтың жылдық өнімі де көңіл көншітерліктей, яғни, 2930 га жерге дəнді дақылдар егіп, оның ішінде бидай – 1625 га, соя – 900 га, көкөніс өнімдері – 250 га,
көп жылдық шөптер – 155 га жерге егіліп, əр гектардан орташа есеппен 92,1 центнер өнім жиналған. Депутатпен бірге аудандық мəсхихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы, бөлім басшылары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар алқалы топты бастап жүрген «Байсерке-АГРО» ЖШС жетекшісі Алтай Кенжебаев жаңадан салынып жатқан лабораторияға кеңінен тоқталды.
Заманауи технологиялық үрдістерге негізделіп бой көтеріп жатқан нысан əлем бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші зертхана екен. Алтай Əбдірахманұлының айтуынша, алдын ала көзделген генетикалық жоспарға сəйкес эмбрион арқылы малды алу мал шаруашылығында кең қолданбаса да, оның болашағы орасан зор болмақ. Тиімділігі сол, бір сиырдан 3-6 бұзау ғана алатын болсақ, онда эмбриогенетика көмегімен алынатын
төлдің санын ондаған жəне жүздеген есе көбейтуге болады. Жəне ол шет елден тікелей əкелгеннен анағұрлым арзанға түспек. Жұмысты осылайша заман көшіне сай ұтымды ұйымдастырудың нəтижесінде толымды табысқа қол жеткізіп отырған серіктестіктің жетістігіне сүйсінген Серік Сəпиев тамшылата суару жүйесіне қосылған егістік алқабымен де танысты. Арнайы итальяндық құрылғылармен жабдықталған ұңғыма арқылы секундына 15-18 литр су тартылып, 30-35 гектар алқапты тамшылата суаруға мүмкіндік беретінін айтқан
шаруашылық жетекшісінің əр сөзін халық қалаулысы таңдана тыңдады. Орталықтағы ветеринарлық паталого-анатомиялық, мал азығын талдау, агрохимиялық зертханаларға да бас сұғып, соңғы нəтижелермен танысты. Шаруа құрылымының негізгі өзегі – асыл тұқымды сауынды сиырлардың, бұзаулардың қора-жайларын аралап, күтімі мен қоректену мəселесіне зер салды. 2011 жылдан бастап іске қосылып, жылына 2000-ға жуық өнім шығаратын Сүт зауыты өнімінің дəмінен де татып көрді. Химиялық қоспасыз табиғи
сүт өнімдерінің сапасына риза болған Серік Жұманғалиұлы шаруашылықтың болашақтағы жоспарларына жетістіктің мол болуын тіледі. Жұмыс сапарының келесі бөлігі жаңадан бой көтеріп жатқан «Дене шынықтыру — сауықтыру кешенінде» болды. Əмбебап кешеннің құрылысы өткен жылдың көктем мезгілінде басталған болатын. Бұл жоба Алматы облыстық құрылыс басқармасының тікелей тапсыруымен аймақтардағы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүзеге асырылуда. Құрылысына жауапты
«Дəулет-Серпін 603» ЖШС–і маманының айтуынша, бөлінген қаражаттың 55 пайызы игеріліп, ешқандай кедергі болмаса нысан 2018 жылдың маусым айында қолданысқа берілмек. Кешен ғимаратында бокс, күрес,
дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика залдарын ашу көзделген. Табиғи газоны бар футбол, баскетбол алаңдары да қарастырылған. 400 орындық жаздық алаңды ашу да жоспарға енгізілген екен. Жобалық-сметалық құжатымен мұқият танысып шыққан Олимпиада чемпионы Елбасы тапсырмасына сəйкес бұқаралық спортты дамытуға жəне саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешеннің құрылысына сəттілік тілеп, чемпиондар даярланатын орталыққа айналуына тілектестігін білдірді. Айта кетелік, осындай жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты Зағипа Балиева да ауданымызға ат басын
тіреп, «Ақбұлақ» сауықтыру орталығының ұжымымен кездесіп, өтініш-тілектерге құлақ асып қайтқан еді. Ал Сəкен Əсембекұлы болса «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, жеке мəселелері бойынша келген азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң тұрғысынан тұщымды жауап берді.
Талғар-ақпарат