Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Азаттықтың ақ таңы арайлап атқанына биыл 30 жыл. Егемендік алғалы еліміздің жеткен жетістігі, алған асуы, бағындырған белесі бір төбе екенін зор мақтанышпен айтуға болады. Әлем елдері Қазақстан Республикасы деген жас мемлекеттің күн санап дамуына қызыға да, қызғана көз салатын болды. Бірлігі мен берекесі жарасқан қазақтың кең-байтақ қасиетті жерінде 130-дан аса ұлт өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуінің өзі сыйластық пен достықтың символын көрсете білді. Бұл – біздің үлкен жеңісіміз бен жетістігіміз.
Қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында дербес мемлекет құра білді. Шын мәнінде мемлекет құраушы ұлтқа айналғанын зор мақтанышпен айтуға болады. Бұл еліміздің болашағы үшін әрбір азаматқа ерекше жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, жастар мемлекеттің гүлденуіне бір кісідей атсалысу қажеттігін ешқашан да ұмытпағандары абзал. Себебі, елдің тізгіні жастардың қолында.
Біз қазақтың қанымен жазылған том-том тарихты ешқашан да естен шығармауымыз керек. «Өткенді айтпай, бүгінгі еске түспейді» дегендей кешегі тарихсыз біздің ертеңіміз бұлыңғыр болары анық. Сондықтан, қазақ тарихын әрбір ұрпақ білуге міндетті.
Қазақ тарихы – ұлттың болашағы. Қазақстан Республикасындай тәй-тәй басқан жас мемлекеттің болашағы зор, алар асуы алды, бағындырар белесі көп. Біз Алатаудың биік шыңына көз тастап, айқын мақсаттарға жету жолында тынбай, адал еңбек етуге тиіспіз. Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп, адалдықты, тазалықты, патриоттық сезімді бойына дарыту – ұстаздың басты міндеті. Осынау аса жауапты міндетті орындай отырып, біз ел ертеңіне шын жаны ашып, жүрегі ауыратын ұлтшыл ұрпақты тәрбиелеп шығамыз. Қазақтың ұрпағы текті, білімді, ақылды, білікті болса біздің алар асуымыз, жетер жетістігіміз, бағындырар биігіміз көп болатынына сенім мол.
Қазақтың қасиетті жерін қорғап қалған ата-баба ерлігіне жас ұрпақ мәңгі қарыздармыз. Осы күрес жолында біздің ата-бабаларымыздың бір ғана арманы болды. Ол – Тәуелсіз ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ атану. Қасық қаны қалғанша жаумен күресіп, жеңіс үшін жан қиған ерлік иелерінің асқақ арманы, айқын мақсаты бүгін біздің қолымызға бақ болып қонды.
Енді еркіндіктің қадірін білуге міндеттіміз. Тәуелсіздіктің қадірін білу дегеніміз – оны аялау, сақтау, ол үшін кез келген күреске дайын, сақадай-сай болу. Ең бірінші АНА ТІЛІМІЗДЕ сәлемдесіп, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақтың дарқан даласында тек болмысы қазақ, жаны қазақ, тілі қазақ, діні қазақ ТӘУЕЛСІЗ ҰРПАҚ санын арттыру жолында еңбек етуге міндеттіміз.
Айдана САҒЫНҒАНОВА,
«Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ «№2 орта мектеп» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі