Талдықорғанда республикалық «Рухани жаңғыру » орталығы ашылды

Талдықорғанда республикалық «Рухани жаңғыру » орталығы ашылды

​Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жастар мәдени саябағында «Рухани жаңғыру» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараны Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы құттықтау сөзімен бастады. Ашылу салтанатына қаланың құрметті азаматтары, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
​«Біздің аймақ дамып, алға қарай үлкен қадамдар жасап келеді. Қоғамдағы бейбітшілік пен конфессияаралық келісім Қазақстанның дамуына маңызды негіз болды. Барлық жетістіктер біздің күнделікті жұмысымыздың арқасында еліміздің жалпы жетістіктеріне үлес қосатын Қазақстан мен оның халқының мақтанышы болып табылады. Бірақ ең бастысы осы кезеңде біз Қазақстандағы әртүрлі ұлт өкілдерінің достығы, бірлігі мен дәстүрлерін сақтауға қол жеткіздік. Біз өткеннің рухани мұрасын сақтауымыз керек, өйткені онсыз біздің болашағымыз белгісіз» , — деді Амандық Ғаббасұлы.
​ Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсеит те өз пікірін білдірді.
-Ұлт Көшбасшысының дана саясатының арқасында біздің еліміз гүлденіп келеді. Болашаққа қойған үлкен мақсаттар мен міндеттеріміз бар. Оларды жүзеге асыру үшін біздің жас ұрпағымыз қажет, — деді ол.
​Аталмыш орталықтың алғашқы қонақтары ұлттық экспонаттардан тұратын көрмені тамашалады.
​Айта кетейік, «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» атты 325 жоба мен іс-шаралар жүзеге асырылуда. «Жетісудың қасиетті географиясы» жобасы аясында да 15 жаңа жергілікті маршруттар жасалып, Жетісудың қасиетті орындарының сызбалық картасы дайындалды.
​Қазіргі таңда жаңа орталықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болатын түрлі іс-шаралар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.