Алғысқа бөленген абзал жан

Алғысқа бөленген абзал жан

Мәртебелі де қиын мамандық саналатын дәрігерлік салада тәжірибесі толысқан тарлан мамандардың қатарында аудандық аурухананың балалар емханасында еселі еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты дәрігер Рабиям Полатқызы Ибрагимова да бар.

Бала кезінен елгезек болып өскен Рабиям Полатқызы мектепті тек бестік бағаға оқып, есейгенде дәрігер болуды армандайды. Ол 1981 жылы Ұйғыр ауданына қарасты Кіші дихан ауылындағы орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «педиатрия» факультетіне түседі. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған бойжеткен жолдамамен өзінің туып-өскен ауылына оралып, еңбек жолын ауыл емханасында балалар дәрігері болып бастайды. Осылайша жүрек қалауымен жанына жақын мамандықты жаңылмай тапқан Рабиям Ибрагимова өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз орындап, алдына келген кішкентай бүлдіршіндердің сауығып кетуіне бар күш-жігері мен біліктілігін салып, жабырқау жанды аялай білетін білімді маман екенін байқатады. Көп ұзамай жауапкершілігі жоғары жас маман аудан орталығындағы ауруханаға ауыстырылып, онда балалар дәрігері, ауданның педиатр дәрігері болып еңбек етіп, шыңдалу мектебінен өтеді. Сәбилер денсаулығын қорғау саласындағы қажырлы еңбегінің арқасында білімді дәрігер, білікті ұйымдастырушы ретінде танылған Рабиям Полатқызы ұзақ жылдар Ұйғыр аудандық ауруханасының бас дәрігерінің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары міндетін абыроймен атқарды. Білікті маманға қай жерде де сұраныс бар. 2014 жылы отбасымен Талғар қаласына көшіп келген ол бірден аудандық балалар емханасына балалар дәрігері болып орналасады. Адамзат тарихында жарқын із қалдырған ғалым Авиценна:«Медицинаның шипасы дәрігердің өзі» демекші, алдына келген жанға жылы сөзі мен мейірімін жеткізе білетін дәрігер кез-келген сырқаттан айығып кетуіне жол ашары анық. Әсіресе бала психологиясын жіті түсініп, көңілін табу, дер кезінде дұрыс диагноз қойып нәтижелі ем-домын тағайындау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде Рабиям Полатовнаға бекітілген аймақта 1900 бүлдіршін есепте тұр, оның 110-ы бір жасқа дейінгі нәрестелер. Күніне 35-40 баланы қабылдайтын дәрігердің бұған қосымша шақырту бойынша үй-жайларды аралау, патронаж, стационарлық емдеуден шыққандардың қал-жағдайын бақылауды жүзеге асыру, қабылдау бөліміндегі кезекшілік сынды міндеттері тағы бар. Әсіресе бір жасқа дейінгі нәрестелердің денсаулығын жіті бақылауда ұстап, аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы кері байланыс орнату, екпе салдырту, скрининг, кәсіби бақылауды ұйымдастыру арқылы ауруларды және қауіп факторларын ерте сатыда анықтап, алдын-алу сынды маңызды жұмыстар дәрігер назарынан қалт қалмайды. Жүрегі мейірімге толы осы бір жанның бойындағы мәдениеттілік, ізеттілік, тиянақтылық сарқылмайтын бұлақтай көрінеді. Кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыратын дәрігердің жас мамандарға үйретері, берер ақыл-кеңесі де көп.

Бар саналы ғұмырын бала денсаулығының күзетіне арнаған Рабиям Ибрагимова өзінің ұзақ жылғы адал еңбегінің нәтижесінде ата-ана мен бүлдіршіндердің риясыз сүйіспеншілігіне кенеліп, көптеген марапаттауларға ие болып келеді. Ол білікті дәрігер ғана емес, аяулы жар, ардақты ана, мейірімді әже. Бақыттың кілтін еңбек пен отбасы шуағынан тапқан аяулы жанды кәсіби мерекесімен құттықтай келе, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

Райхан Азимова,
«Талғар»