Алматы облысында 4 мыңға жуық оқушы ҰБТ тапсырды
Сан жылдағы еңбектің еленер, нәтижесі көрінер сәті келіп, барлық мектептерде 25 мамыр күні түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Салатанатты шара санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Биылғы жылы Алматы облысында жалпы саны 18 мыңнан астам оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты. Оның ішінде 1521 түлек алтын белгі иесі болса, 1055-і үздік аттестатты қолдарына алды.
Бүгінгі күні Жетісу өлкесінде 3983 бала ҰБТ тапсырып үлгерді. Әзірге ең жоғарғы нәтиженге «Innoverse Taldyqorgan» жеке меншік мектебінің түлегі Біржан Баймырза қол жеткізіп отыр. Емтихандағы шекті меже 140 балл. Дарынды өрен тестілеуден 138 балл алған.
«Менің сынып жетекшім, Тұрсынгүл Какаманова менің 130 баллдан асыратыныма сенді. Үміт артып қолдағыны үшін алғысым шексіз. Емтиханға барымды салып дайындалдым, еңбегім текке кетпеді. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Болашақта IT саласын таңдаймын. Алматы мен Елордадағы ЖОО-на түсетін шығармын бұйыртса»,- дейді Біржан Баймырза.
Айта кетейік, негізінде облыс бойынша 13499 оқушы бірыңғай ұлттық тестілеуден өтуге құлық танытқан.
JETISÝ MEDIA