Ескелді ауданында салық бойынша семинар ұйымдастырылды
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Ескелді аудандық филиалының ұйымдастыруымен «үй жанындағы дүкен» иелері үшін салық мәселелері бойынша семинар өтті. Кездесуге аудандағы ауылдық округтердегі кәсіпкерлер ZOOM арқылы онлайн қосылды.
Ақпараттық-түсіндіру семинарының спикерлері ретінде Алматы облысы Кәсіпкерлер Палатасының ҰКП мүшелерімен жұмыс жөніндегі маман Санат Түсіпов, Ескелді аудандық Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әділет Сұлтанбек, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Жансерік Құрманғалиев, Ескелді ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Наталья Каргина, салық мәселелері бойынша сарапшы Гүлнар Есжанова сөз сөйледі.
Сауда дүкендерінің иелеріне электрондық шот-фактураларды шығару, «Виртуалды қойма» порталының жұмысы, ілеспе-жүкқұжат тауарларын (ТІЖ) шығару, сондай-ақ жұмыс барысында туындайтын басқа да мәселелер түсіндірілді.
Кәсіпкерлерге ҚР Қаржы министрінің 2021 жылғы 4 маусымдағы бұйрығымен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар бойынша пилоттық жобаның мерзімдері ұзартылғанын еске салды. Мәселен, акцизделетін өнімдер, ҚР аумағына тауарларды әкелу, ҚР аумағынан тауарларды әкету бойынша пилоттың мерзімі 2021 жылғы 1 қазанға дейін, виртуалды қойманың тауарлары бойынша 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылды. ДСҰ–ны алу тізбесінен қалған тауарлар және таңбаланатын тауарлар бойынша пилоттың басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап 2021 жылғы 1 қазанға, аяқталу мерзімі — 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап 2022 жылғы 1 тамызға көшіріледі. Бұл ретте пилотты жүргізу кезеңінде айыппұл санкциялары қолданылмайды.
«Үй жанындағы дүкен» иелерінің ТІЖ безендіру бойынша міндеттері жоқ. Сонымен бірге, акцизделетін тауарларды (алкоголь және темекі) сату кезінде, бұрынғыдай, олардың ақпараттық жүйеде алынғанын растау қажет.
«Ауылдық округтерді аралау кезінде және кәсіпкерлермен кездесу барысында жиі қойылатын сұрақтардың бірі салық салу саласындағы сұрақтар болды. Кәсіпкерлер ақпараттық жүйеге тіркелу және онымен жұмыс істеу кезінде де, сондай-ақ Интернет желісіне қол жеткізу кезінде де қиындықтарға тап болады. Кәсіпкерлерге түсіндіру мақсатында МКБ және Кәсіпкерлер палатасы алаңында оқытулар мен семинарлар ұйымдастырылады», — деді Ескелді аудандық Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әділет Сұлтанбек.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға ТІЖ мәселелері бойынша оқыту әр айдың басындағы және соңындағы бейсенбі күні Алматы облысының қалалары мен аудандарындағы Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында ұйымдастырылатынын атап өтті.