Қазақстандағы тұңғыш қой өсірушілер байқауы Алматы облысында өтті
Алматы облысының Қаратал ауданында қой өсірушілердің арасында «қой қырқу» жарысы өтті. Сайыс биыл елімізде алғаш рет атап өтілетін Мал бағушылар күніне орайластырылды. Кәсіби мереке маусым айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.
«Shopan-ata» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры — агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры — Ербол Есенеев, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов, сондай-ақ Қаратал ауданы әкімдігінің өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты.
«Shopan-ata» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың сөзінше, жарыс мал шаруашылығы саласын насихаттау мен мал өсіруші мамандығының беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
«Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет өткізіліп отырған қой өсірушілер арасындағы жүнді жылдам қырқуға арналған бірінші жарыс. Біздің ортақ міндетіміз — мемлекет пен қоғамның назарын мал шаруашылығына, осы саладағы жұмысшыларға аудару. Біз мал шаруашылығының жаңа серпін алып, оның дамуы жаңа деңгейге көтерілгенін қалаймыз. Сонымен бірге, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қой өсірушілердіңбір-бірімен кездесіп, тілдесіп, тәжірибе алмасуын мақсат еттік. Алдағы уақытта шарамызды республика деңгейінде кеңейтетін боламыз», — деді еліміздің бас қойшысы.
«Қой қырқуға» Атырау, Жамбыл және Алматы облыстарынан 22 мал өсіруші қатысты. Қатысушылар тек жылдамдыққа ғана емес, сонымен қатар қой жүнін сапалы қырқуы да бағаланды. Бас төрешілік Ұлттық палатаның басқарушы директоры Ербол Есенеевке жүктелді. Ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, малшылар мерейін асқақтатын іс-шараларды өткізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
«Биыл біз алғаш рет Мал бағушылар күнін атап өтеміз. «Shopan-ata» қауымдастығының Алматы облысында ұйымдастырған іс-шарасы еліміздегі айтулы оқиғаға айналды. Агроөнеркәсіптік кешен әлеуеті озық қарқынмен өсіп келе жатқан біздің экономикамыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. «Атамекен» өз кезегінде кәсіпкерлік қоғамдастыққа жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады», — деп атап өтті Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры — агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі директоры Ербол Есенеев.
Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облысынан келген Нұрбол Кен бірінші орынды иеленіп, жүн қырқудың үздік шебері болып танылды. Жеңімпазға қырқу құралдары мен ақшалай сертификат берілді. Қатысушы 27 минут ішінде 15 қойды қырқып, рекорд орнатты. Үздік бестікте Жамбыл облысынан келген қатысушылар орын алып, оларға ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сонымен қатар, қойларды қырқуды сапалы орындаған бірқатар қатысушыларға да марапат берілді.
Келесі жылы ұйымдастырушылар жарысты облыстық деңгейде ұйымдастырып, кейін қой жүнін қырқудан Қазақстан чемпионатын құруға ниетті.