Ұлттық сусын ұсынған

Ұлттық сусын ұсынған

Бүгінде мемлекет тарапынан орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған кешенді бағдарламалар өз жемісін беруде. Яғни кәсіпкерлік саласының қанат жаюы жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпалын тигізіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың қатарында Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Ақерке Наушабаева да бар.

Айта кету керек, елде коронавирус індетімен күрес басталғалы бері көптеген жұмыс орындары қысқарып, қиындықтар туындағаны рас. Бұған дейін Алматы қаласында азық-түлік дүкенінде дүкенші болып жұмыс істеген Ақерке пандемия кезінде жұмыстан қысқарып қалады. Қол қусырып бос отырғанды жаны сүймейтін келіншек отағасымен ақылдаса келе, өз кәсібін ашуды ұйғарады. Оның үстіне «тәж» атымен келген қауіпті індетке қарсы тұруда адам ағзасын күшейтуге септігін тигізетін ұлттық сусын — қымыз, саумалға деген сұраныс та артқаны белгілі. Әрине бие байлап, қымыз баптау оңай іс емес. Өйткені жылқы малы төрт түліктің асылы, өте талғампаз, кірпияз жануар. Осындай шешімге өмірлік жары Талғат Сәрсенбаевтың қолдауының арқасында келген-ді. Жылқы малының күтімін келістіру ер азаматының мойнындағы шаруа. Осылайша, бие байлап, тұтынушыларға саумал ұсынып, қымыз өндіруді жоспарлаған Ақерке Қамбарқызы аудандық жұмыспен қамту орталығына барып тіркеуге тұрады. Көп ұзамай «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында бір айлық «Бастау-Бизнес» курсын тәмамдап, өз бизнес жоспарын сәтті қорғап шығады. Нәтижесінде 2020 жылдың мамыр айында кәсібін бастауға қажетті 555 200 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Қолдарында бар қос биеге тағы бір құлынды бие сатып алып қосып, кәсібін бастап кетеді. Өздері тұратын үйдің ауласында бие байлап, саумал сауып, қымыз піскен отбасының кәсібі өрге жүзіп, бүгінде тұтынушылар қатары көбейген. «Талаптыға нұр жа­уар» демекші, ағымдағы жылдың наурыз айында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы төменгі пайызбен 4 млн. теңге шағын несие алды. Бөлінген қаражаттың арқасында тағы да 6 құлынды бие сатып алып, өндірілетін ұлттық сусынның мөлшерін арттыра түскен.

Қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан кешірген ақын Жамбыл Жабаев атамыз: «Үйірілген сары алтындай сары қымыз, ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз…» деп жырлағанындай, адамның жан сарайын ашып, шөлін басатын, сауға — қуат, дертке — ем болатын ұлттық сусынның ерекше қасиетіне қайран қаласың. Расында да, соңғы жылдары дерті дендеп, ауруы асқынған барша жан дәрі-дәрмекпен бірге ата-бабасының ежелгі сусыны, сары қымыз бен саумалдан, шипалы шұбаттан ем іздеуде.

— Бүгінде күніне әр екі сағат сайын 10 бие сауылады. Күніне 70 литрге жуық сүт алынады. Оның 30 литрі саумал, қалған 40 литрінен қымыз әзірлеймін. «Саумал ішсең сауығасың» деп тегін айтылмаған ғой. Саумал – табиғи, емдік дәрумендерге аса бай сусын болғандықтан, жанына саулық іздеп сусын ішуге келетіндердің қатары күн сайын артып келеді. Оларға бие сүті көзінше сүзгіден сүзіліп, жылылай құйылып беріледі. Саумал мен қымыздың бағасы бірдей, литрі – 1000 теңгеден. Қымыз пісуге 80 литрлік ағаштан жасалған күбі пайдаланылады, оны арнайы пісетін апаратқа қосамыз. Күбіні баптай білген үйдің қымызы дәмді болатыны белгілі.Тіл үйірер дәмді, хош иісті қымыз дайындау үшін күбіні күнара тобылғы түтінімен ыстаймыз. Қолға алған ісіміз өз жемісін беруде. Күн сайын қымыз бен саумалға аңсары ауып келетіндердің қатары көп-ақ, — дейді жеке кәсіпкер Ақерке Қамбарқызы.

Иә, дана халқымыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп дәл айтқан. Ата кәсіпті нәсіп етіп, қолға алған шаруасын өрге сүйреп келе жатқан осындай еңбекқор жандарды көпке үлгі ету орынды.

Райхан Азимова,
«Талғар»