Алматы облысында медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысы тексерілді

Алматы облысында медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысы тексерілді
Сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Стационар жағдайында қызмет алушылардың жеке басына қол сұғылмаушылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, қоғамда өзара әрекеттесу кезінде барлық жағынан  қолдау сақталуы керек.Дәл осы міндеттердің мінсіз атқарылуын бақылау мақсатында мониторингтік топ құрылды.
Аталған тексеру шаралары, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ағымдағы жылдың 26 ақпанында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты NurOtan партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын жүзеге асыруда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының шеңберінде жүзеге асырлды.  Сәйкесінше,  медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарт адамдардың жағдайына  мониторинг жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 17-21 мамыр аралығында Текелі қаласындағы «Шапағат» және «Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ мемлекеттік органдардың мамандары мен қоғамдық өкілдердің қатысуымен тексеру жұмыстары жасалды.
Мониторингтік топ мүшелері, Текелі қаласындағы «Шапағат» орталығында мерекелік шаралар өткізілетін арнайы мәжіліс залының жоқтығын алға тартып отыр. Айтуларынша, аталған әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде қызмет алушылар арасында шығармашылық және талантты адамдар көп, олар әр іс-шараға концерттік бағдарламалар дайындайды. Мәжіліс залының жоқтығынан олар асханада іс-шаралар өткізуге мәжбүр.
Екінші, нысанаға алынған орталық, Қапшағай қаласында орналасқан. Тексеруге қатысқан мамандар, «Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ ішіндегі жиһаздарды ауыстырып,  қар мен жаңбырдан қорғайтын арнайы шатыр орнату керектігін, жалпы алғанда ғимаратты жөндеуден өткізу туралы ұсынымдарын берген.
«Қос орталықтың жұмысымен таныстық. Жалпы алғанда жағдайлары жақсы. Мекеме қызметкерлерінің қызмет алушырмен орнатқан қарым-қатынасына, көрсетілетін әлеуметтік көмектердің сапасына мін таға алмаймыз тек материалдық базаларын нығайтып, ғимарат жөндеуден өтсе болғаны»,-дейді ұлттық алдын алау тетігінің мүшесі Гульгана Назырова.
Аталған орталықтар бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға, яғни қарттардың тұруына арналған ұйымдар болып табылады.
Айта кетейік,  өңірде 2231 орынға арналған 13 медициналық – әлеуметтік мекеме жұмыс істейді.