Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Талдықорған қаласында идеологтар слеті өтті. Шараға аудандық ішкі саясат басқармасы мен өзге облыстардың білікті мамандары қатысты.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудандық бөлімдердің жұмысы бірнеше бағыт бойынша бағаланды. Ол ең бірінші «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар болса, екіншісі үкіметтік емес ұйымдарға айрықша мән берілуі. Алматы облысында «рухани жаңғыру» бойынша 300-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 800 мыңға жуық халық тартылды. Жүзеге асқан жобалардың көбі ақпарат,өлкетану, туризм салаларын және адами ресурстарды дамытуға бағытталды.
«Елбасының бағдарламалық мақаласының басты мақсаты мен маңызын толық түсіне отырып, әртүрлі бағыттағы шаралар өз нәтижесін көрсетті. Сондай шаралардың бірі «Патриот.кз» спорттық реалити-шоуы жастардың үлкен қолдауына ие болып, жарты миллинон көрерменнің оң бағасын алды. Сол сияқты 25 мыңнан астам оқушы мен студент Жетісу өлкесінің киелі жерлеріне саяхат жасады. Өңірде алғаш рет ҮЕҰ жетекшілері басқосып, форум өткізді. БАҚ өкілдері арасында «Самғау» журналистер премиясы тағайындалып, ақпарат саласының қызметкерлері қомақты ақшалай сыйақымен марапатталды», — деді Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.
Жиында сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовте өз пікірін білдірді.
-Алматы облысы — әлеуметтік-экономикалық, мәдени және әлеуметтік-саяси тұрғыдан белсенді аймақтардың бірі. Бүгінгі жиынға келудегі мақсат өзара тәжірибе алмасып,өңірде жүзеге асып жатқан үздік жобалармен жан- жақты танысу,-деді ол.
Сондай-ақ жиында 57 нысаннан тұратын қасиетті орындардың өңірлік сызбасы дайындалғаны және оның 14 нысаны республикалық картаға енгізілгені айтылды.
Кездесу соңында қатысушыларға атқарған еңбектері үшін арнайы алғыс хаттар табыс етілді.