Жазғы лагерлерді өртке қарсы тексеру қарқын алды

Жазғы лагерлерді өртке қарсы тексеру қарқын алды

Алматы облысында жыл басынан кәмелет жасқа толмаған 7 бала ажал құшты. Бақилық болған балалар 2005-2020 жылы өмірге келген. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Ата-ананың назарынан тыс қалған балалар тілсіз жаудың да құрсауында қалып жатқаны жиі кездесуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 24 мамырында Қапшағай су қоймасында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары патрульдеу кезінде №6 қалалық жағажай ауданында суға батып бара жатқан бір топ адамды байқайды. Жедел жүргізілген құтқару жұмыстарының нәтижесінде жағалауға 2002-2004 жылдары туған 5 жас жеткізілген. Олардың бірі ес-түссіз күйде болып, жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Өкінішке орай, бала қауіпсіздігі деп дабыл қаққанымен, бүлдіршіндер оқыс оқиғаға тап болуда. Мәселен, жыл басынан балалардың отпен ойнауының салдарынан 44 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен санағанда 28-ге көп.

Қызыл жалынның шарпуының алдын алу шаралары тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Әсіресе, жаз мезгілі басталғандықтан, мектеп жасындағы балалар демалыстарын лагерлерде уақыт өткізеді. Осыған байланысты, облыстағы жазғы лагерлерде тексеріс шараларын жүргізу жоспарланған.

«Лагерлердің өртке қарсы қауіпсіздігін тексеру жұмыстары мамыр-маусым айларында өткізіледі. Жоспарға сәйкес, 8 нысанды аралау көзделген. Бүгінгі күні оның 6-ы тексерістен өтті. Енді екеуі қалды. Аталған нысандар Талғар, Текелі, Ескелді аудандарымен Қаскелең қаласының маңында орналасқан»,-дейді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы,азаматтық қорғау подполковнигі Дәурен Азаматов.

Айта кетейік, жазғы демалыс кезінде балалар ересектер тарапынан бақылаусыз қалады. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет. Баланың ересектердің қарауынсыз қалуы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

Jetisy Media