Жастар-ел болашағы
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асатын жобаларға бөлінген қаржы көлемі 76 млн. теңгеге дейін жетіп отыр. 2020 жылы бұл сома 31 млн. теңгені құраған болатын.
Қыруар қаржыға ауыз толтырып айтарлық 6 жоба іске асырылуда.
Азаматтардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында, жастар үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе жұмыс атқарып отырған мекеме, Алматы облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы болып табылады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Жетісу өлкесінде 1541 түлек, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім мекемесін тәмәмдапты. Дәл осындай, тар әлемнен даңғыл жол іздеп жүрген бозбала мен бойжеткендерге қолдау көрсету үшін «JAS QADAM» балалар үйлерінің түлектерін әлеуметтендіру және қолдау орталығының қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Аталған бастама текті халқымыздың «жетім көрсең, жебей жүр» деген тәмсілін басшылыққа алып жасалғандығын атап өткен жөн.
«Болашақ — жастардың қолында» дегенді ескерген жауаптылар,2017-2020 жылға арналған «Жастар жолы» деген атауды арқау етіп, облыстық жұмыс тобында құрды. Басты нысана, жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
«2018 жылы жоба аясында 71,0 млн.теңге бөлінді, 10 аудан мен қалада 11 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 18 демалыс орталығы мен спорт залдары ашылды. Қазіргі уақытта облысымызда барлығы 2093 спорттық, 37 сауықтыру, 177 мәдени-демалыс объектілері, 215 аула клубтары бар»,- дейді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Спикердің айтуынша, үстіміздегі жылы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Балалар мен жастардың бос уақытын өткізу орталықтарының жұмысын ұйымдастыру» атты жобасы іске асырылатын болады.
Ірі жобалардың қатарын, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы толықтыруда. Оның шеңберінде, 1043 акция өткізіліп, 6500 отбасыға азық-түлік себеттері табысталып, 14 жанұя баспаналы болғанын атап өткен жөн.
Жыл соңына дейін Мемлекет басшысы айқындап берген еріктіліктің 7 бағыты бойынша «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің қызметін ұйымдастыру және Алматы облысында жас еріктілер қозғалысын дамыту» атты жобасын жүзеге асыру көзделген.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жас отаудың ошағының отының сөнбеуі де назардан тыс қалмаған.
Алдағы таңда Талдықорған қаласында, Алакөл және Жамбыл аудандарында «Jas Otau» отбасылық құндылықтарды дәріптеу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу орталықтарын ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, «SALAMATTY URPAQ» репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсету жөніндегі орталықтың қызметін ұйымдастыру» жобасы іске асырылатын болады.