Шарын шатқалында жүрген сел салдарынан жоғалған оқушы қыз табылды. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті.
Шарын шатқалы қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында сағат 09-34-те 2010 жылы дүниеге келген қызды тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орын алған жерден 3-4 шақырым қашықтықта болған. Қазіргі уақытта Республикалық жедел құтқару отряды мен Алматы облыстық төтенше жағдайлар депаратаментінің жедел құтқару бөлімінің құтқарушылары дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуде», — деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, зардап шеккен оқушы қызға медициналық көмек көрсету үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның авиациялық техникасымен Алматы қаласының ауруханаларының біріне жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалған еді. Тағы 6 адам зардап шекті.
«ТАЛҒАР-АҚПАРАТ»
Сурет ғаламтордан алынды