Қылмыстық процестің үш буынды моделі барлық дамыған елдерде қолданысқа енген құқық қорғау саласындағы жүйе. Аталған үш буынды құрушы – полиция, прокуратура және сот. Бұл құрам қылмыстық процеске жауап береді.
Үш буынды жүйенің әр кезеңі іс сотқа жолданбас бұрын өтуі қажет сүзгі ретінде қызмет етеді.
«Үш буынды модельге көшу сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәсілдері мен прокурорлардың да, тергеушілердің де ұйымдастырушылық тұрғыдан дағдыларын өзгертуді талап етеді. Осыған байланысты Бас прокуратура барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп қылмыстық процестің үш буынды моделіне кезең-кезеңімен «жеңіл» ауысуды бастап кетті»,- Қылмыстық қудалау басқармасы бастығының орынбасары Жандос Ысқақов.
Үш буынды модельдеу прокурордың қылмыстық істі тергеп-тексерудегі жауапкершілік жүгін екі есе арттыра отырып, оның шешімі қылмыстық процестегі басты шешімнің бірі болатынын айқындап берген. Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралауды белгілеу, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық туралы хаттама прокурордың келісімінсіз заңсыз болып саналады.
Бұл өзгерістер азаматтардың, соның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын қорғауға және қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
JETISÝ MEDIA