Алматы облысында мектеп жасындағы 10 баладан коронавирус анықталды
Эпидемиологиялық ахуал әлі де болса мамандар назарында. Бірде көрсеткіштер түсіп, енді бірінде көтеріліп, сыныптай құбылып тұрған вирустың салдары әлі де болса, жойылған жоқ. Алматы облысында соңғы тәулікте тағы 114 адам індеттің ілмегіне ілінген. Нәтижесінде кеселдің өсу қарқыны 0,5%-ды құрап отыр.
Қазіргі кезде Жетісу өңірі сары аймақта орналасқан. Деседе, облыстың құрамына кіретін аудандар мен қос қала қызыл аймақтың шеңберінен шыға алмай тұр.
«Облыс аудандары арасында 4 аудан мен 2 қала қызыл аймақта тұр, олар Талдықорған, Текелі, Талғар, Ұйғыр, Қаратал және Сарқан. Сары аймақта — Ескелді, Көксу және Балқаш аудандары. Қалған аудандар жасыл аймақта екені расталған»,-дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.
Кесел жас, кәрі деп таңдамасы анық. Мамандардың айтуынша, облыста 14 жасқа дейінгі 10 бала вирус жұқтырғаны анықталып отыр.
Ақ халаттылар, індеттен сақтанудың бір жолы вакцина алу деп айтып бағуда. Өз өміріне бей-жай қарамайтын тұрғындардың 195 426-сы екпенің бірінші бөлігін салдырса, екінші компанентті 101 846 адам қабылдаған.
«Облысқа барлығы 1 компаненттен 207 850 доза келіп түсті, оның ішінде 2000 Qaz-vak, 22 000 Hayat-vax, 183 850 Гам-Ковид-вак. 2 компонент 145 210 доза, оның ішінде 2000 Qaz-vak және 143 210 Gam-Ковид-vak бар»,-деп атап өтті спикер.