Астана қаласында «Алтын сапа» ҚР Президенті сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау жиыны өтті. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 101 кәсіпорын қатысты. Олардың ішінде Алматы облысынан «Жаркент крахмал-сірне» ЖШС «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталды. Зауыт басшысы Зәкіржан Кузиевке сыйлықты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев табыстады.
Сонымен қатар, салтанатты марапаттау шарасы аясында «Іскер» арнайы сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Өңір кәсіпорындары арасында «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС үздік болып танылды.
«Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Kagazy Recycling» ЖШС жеңіске жетті. Бұл марапатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табыстады.
Айта кетейік, дәл осы күні Индустриаландыру күні аясында индустриалды, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Облыс аумағында Қарасай ауданында металл конструкциясын шығаратын «Psi Stroy Industriya» ЖШС зауыты және Текелі қаласында «Қора ГЭС-і» ЖШС деривациялық үлгідегі заманауи гидроэлектростансасы іске қосылды.