Заңнан аттаған 119 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 31 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның 28 қылмысы сыбайлас жемқорлыққа тікелей қатысты болып табылады. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары ауырлық дәрежесі бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстар ретінде сараланады. Есептік кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңды бұзған 119 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 10-ы бірінші басшылар. Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті кәсіпкерлердің құқығын қорғауды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікке кедергі келтірудің жолын кесу бағытында жұмыс жасауда. Айталық, үстіміздегі жылы 4 субъектінің кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 5 фактісі анықталып, 12 адамға қатысты 8 қылмыс тіркелді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 1 млрд. 614 млн. теңгені құрады, соның 1 млрд. 594 млн. теңгесі өтелген.
Бүгінгі таңда бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында департаментпен 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Оның 1 кешенді, 5 тақырыптық мониторинг болған деуде, мамандар.
«Департамент өкілдері облыс әкімдігі бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 5 сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде, 82 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Одан бөлек, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК филиалымен бірлесіп 8 мониторинг өткіздік. Аталған жұмыстар барысында 12 бұзушылық анықталды»,-дейді Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Jetisy Media